16:32, 04 Наурыз 2009 | GMT +5
Германиядан Қазақстанның құрылыс нарығымен танысу үшін арнайы делегация келеді
АЛМАТЫ. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыға ертең, наурыздың 5-і күні Қазақстанның құрылыс нарығымен танысу үшін Германиядан арнайы делегация келеді. Бұл жайлы құрылыс саласын дамытуға арналған бизнес форумда айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бұл шара IV «Құрылыс. Интерьер. Желдету. Керамика және тас» (KazBuid Spring 2009) және II «Терезелер. Есіктер және қасбеттер» (WinTec Expo 2009) көрмесі аясында жүзеге асып отыр. Биыл «KazBuid Spring 2009» көрмесіне алғаш Баварияның 15 компаниясы қатысуда. Олар ықтимал серіктестермен іскерлік қарым-қатынастар орнату және инвестициялық мүмкіндіктермен танысуды көздеп отыр», - дейді қазақстандық «Iteca» көрме компаниясының құрылыс көрмелері департаментінің директоры Наиля Сермұхамедова. Оның айтуынша, наурыздың 5-інде келетін неміс делегациясының басты мақсаты - Қазақстанның құрылыс нарығымен танысу. Олар бұл сапарларында инвестициялық әрекет ету мүмкіндіктеріне ерекше мән бермек. Жалпы халықаралық стандарт бойынша шетелдік компаниялардың үлесі 10 пайыздан кем болмаса көрме халықаралық деп саналады. Қазақстандық бұл көрмеге 900-ге жуық сауда белгілері мен брендтерін біріктіретін 17 елдің 200-дей компаниясы қатысуда. Экспонаттардың 50 пайызы - қазақстандық өндірісшілердің, ал 15 пайызы - Германияның, 12 пайызы - Түркияның, 11 пайызы - Ресейдің, 7 пайызы Қытай компанияларының үлесіне тиесілі.