Германияны футболдан әлем чемпионы қылған бапкер Өзбекстанда жұмыс істеуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Германия құрамасының экс-бапкері Йоахим Лёв Өзбекстан футбол қауымдастығымен келіссөздер жүргізіп жатыр. 

Футболдан Германия құрамасының экс-бапкері Йоахим Лёв
Фото: Sport24.ru

Бұл туралы Sport24 басылымы өз ақпарат көздеріне сілтеме жасап хабарлады. 

65 жастағы маманның кандидатурасы бас бапкер ретінде емес, кеңесші ретінде талқыланып жатқаны хабарланды.

— Тараптар арасында байланыс бар, Лёв ынтымақтастыққа ашық. Бірақ оны бас бапкер етіп тағайындау туралы әлі әңгіме жоқ. Өзбекстан оған ұлттық құраманың әлем чемпионатына дайындығын қадағалайтын кеңесші қызметін ұсынды, — деді маманға жақын дереккөз.

Дегенмен Өзбекстан футбол қауымдастығында біртұтас ұстаным жоқ.

— Кейбір шенеунік командаға әлем чемпионатына белгілі маман керек деп есептеп, Лёвті бас бапкерлікке шақырғысы келеді. Дегенмен, федерацияның тағы бір бөлігі Темур Кападзенің қалуын жақтайды: ұлттық құраманы әлем чемпионатына шығарған сол еді. Кападзенің өзі көмекші болғысы келмейді, егер Лёв бас бапкер болып тағайындалса, командадан кетуі мүмкін, — дейді екінші дереккөз.

Дереккөздің айтуынша, тараптар арасында консультациялар жалғасуда: Лёвтің Өзбекстан құрамасындағы рөлінің форматы талқыланып жатыр.

Өзбекстан фубол қауымдастығы хабарларға немесе Йоахим Лёвпен келіссөздер жүргізіп жатқанына қатысты түсініктеме берген жоқ.

Йоахим Лёв 2006 жылы Германия құрамасының бас бапкері болып тағайындалса, 2014 жылы әлем чемпионы атанды. Ол 2021 жылы Германия құрамасынан кетіп, содан бері жұмыссыз.

Өзбекстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңін словениялық бапкер Сречко Катанецтің қол астында бастады. Алайда ол 2025 жылдың қаңтарында денсаулығына байланысты қызметінен кеткен. Оның орнына келген өзбекстандық Темур Кападзе словениялық маманның жұмысын сәтті жалғастырып, ұлттық құрама сапында әлем чемпионатына жолдама алды.

2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді.

Еске сала кетейік, өзбекстандық футболшы Хусановтың Англияда қанша жалақы алатыны белгілі болды. 

Соңғы жаңалықтар