Германияның арнайы қызметтеріне кибершабуыл жасауға және тұрғын үйлерге жасырын кіруге рұқсат берілді
АСТАНА. KAZINFORM – Германия Бундестагы 13 қарашада арнайы қызметтерді реформалау туралы заң қабылдады. Құжатқа сәйкес, Федералдық барлау қызметіне (BND) кибершабуыл жасауға, ал Конституцияны қорғау жөніндегі федералдық ведомствоға (BfV) белгілі бір жағдайларда тұрғын үйлерге жасырын кіруге рұқсат беріледі. Бұл туралы Kazinform агенттігі DW басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Заңды 308 депутат қолдаса, 190 депутат қарсы дауыс берген. Тағы 71 депутат қалыс қалды.
Die Welt басылымының жазуынша, реформа тыңшылыққа, терроризмге және диверсияларға қарсы күреске бағытталған. Бұған дейін Германияның арнайы қызметтері негізінен ақпарат жинаумен айналысса, енді оларға белсенді операциялар жүргізуге мүмкіндік беріледі.
Атап айтқанда, BND шетелдегі ақпараттық жүйелерге шабуыл жасап, деректерді жоюға немесе ауыстыруға, сондай-ақ интернет-трафикті басқа бағытқа бұруға құқылы болады. Сонымен қатар арнайы қызметтерге биометриялық деректерді талдау үшін жасанды интеллектіні пайдалануға рұқсат етіледі. Ерекше жағдайларда олар 16 жастан асқан жасөспірімдерді де құпия ақпарат беруші ретінде ынтымақтастыққа тарта алады.
Арнайы қызметтердің жоспарланған әрекеттерінің заңдылығын алдын ала бұрынғы судьялар кіретін арнайы қадағалау органы бағалайды.
Германияның ішкі істер министрі Александер Добриндт барлау құрылымдары толыққанды арнайы операциялар жүргізу мүмкіндігіне ие болатынын мәлімдеді.
-Барлау қызметтері толыққанды арнайы қызметтерге айналып жатыр. Бұл шаралар елге сырттан да, іштен де қауіп төндіретін демократия жауларымен күресу үшін қажет, – деді ол.
Германия билігі реформаның қажеттілігін Ресей, Қытай және Иран тарапынан туындап отырған гибридті қауіптердің күшеюімен түсіндіреді. Ал заңға қарсы тараптар арнайы қызметтерге берілетін жаңа өкілеттіктер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді.
Осыған дейін Германия мен Ұлыбританияның 2 мың шақырымнан астам қашықтыққа ұшатын гипердыбыстық қару әзірлегелі жатқаны туралы жаздық.