Германияның Сыртқы істер министрі міндетті әскери борышты қайта енгізуді қолдады

АСТАНА. KAZINFORM —  Германияның Сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль елде міндетті әскерге шақыруды дереу қайта енгізуді жақтайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС

Германия
Фото: Ingo Joseph/pexels

— Мен әскери міндетті дереу енгізуді қолдаймын, — деді министр. 

Ол осы мәселені бірнеше рет көтергенін еске салды.

— Алайда біз бұл сұрақты коалиция ішінде талқылауға мәжбүрміз. Үкімет өз ұсыныстарын жариялады, енді парламенттегі фракциялар келіссөздер жүргізіп, заңның қандай болатыны жөнінде шешім қабылдауы тиіс. Сонымен қатар барлық жағдайды ескеру қажет, — деп түсіндірді Вадефуль.

Күтіліп отырғандай, Бундестаг алдағы аптада Германиядағы әскери қызметтің жаңа үлгісі жөніндегі заң жобасын алғаш рет талқылайды. Германия Қорғаныс министрлігі Бундесвердің санын 260 мың әскери қызметкерге, ал резервін 200 мың адамға дейін арттыруды көздеп отыр.

27 тамызда Германия үкіметі Қорғаныс министрі Борис Писториустың жаңа әскери қызмет үлгісін қарастыратын заң жобасын қабылдаған еді. Ол Швеция тәжірибесіне негізделген ерікті қызмет моделін ұсынады. Бұл елде барлық мектеп түлектері медициналық тексерістен өтеді, алайда олардың бір бөлігі ғана әскерге алынады.

Құжатта міндетті түрде орындалатын баптар да бар. Атап айтқанда, әскерге шақырылушыларды қайта медициналық тексеруден өткізу және 18 бен 25 жас аралығындағы ер азаматтарға әскери қызметке дайындық жайлы өтініш толтыру міндеті енгізілген. Заң жобасында жалпыға ортақ әскери міндетті қайта енгізу мүмкіндігі де жоққа шығарылмаған.

Германияда міндетті әскери борыш 2011 жылдың шілдесінде күшін жойып, ел кәсіби армия жүйесіне көшкен болатын. 

Айта кетелік Германияда жасы 100-ден асқан адамдардың саны артқаны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар