Германияның Баден-Вюртемберг және Бавария федеральды жерінде ҚР-ның 20 жылдығы аталып өтті
Салтанатты қабылдау мен мерекелік концерттерге белгілі жер үкіметінің мүшелері, федеральдық және жер деңгейіндегі белгілі қоғам және саясат қайраткерлері, Ландтаг депутаттары, ірі неміс компанияларының басшылары қатысқан 500-ден аса қонақ шақырылды.
ҚР Германиядағы елшісі Нұрлан Оңжанов өз сөзінде қонақтар назарын Елбасының көреген саясатының арқасында жүзеге асқан Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне аудартты. Қазақстандық дипломат «тәуелсіздік жылдары аясында жинақталған қазақстандық тәжірибе үлгісі халықаралық аренада ел табысының сенімді негізіне айналды. Бұған Қазақстанның ЕҚЫҰ мен ИЫҰ-ға сәтті төрағалық етуі, Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізуі, сондай-ақ Қазақстанның ШЫҰ аясындағы белсенді қызметі куә» деп атап көрсетті.
Баден-Вюртембергтегі еліміздің құрметті консулы Доротеа Халлер-Лайбле және Бавариядағы құрметті консуль Райнхольд Кремель қазақстандықтарды осы мерейлі күнмен құттықтай отырып, Қазақстанның саяси әрі экономикалық әріптестігіндегі жоғары әлеуетін атап өтті.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымының басым бөлігі осы Бавария мен Баден-Вюртембергтің үлесінде. Әсіресе, экономика, білім беру, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салаларында әріптестік даму үстінде. Алматы мен Штутгарт қалалары арасында бауырластық байланысты орнатуға байланысты Баварияның Федерация істері және Еуропа министрі Эмилия Мюллердің Қазақстанға жасаған сапары осының айқын дәлелі. Қазіргі таңда, Бавария мен Баден-Вюртемберг «Ауди», «Бош», «Мерседес-Бенц», «БМВ», «Кнауф», «Сименс» сынды брендті технологиялар отаны болғандықтан, осы салада, яғни ғылым мен инновациялық технология саласында әріптестік белсенді түрде дамытылуда.
Мереке аясындағы шараға шақырылған қонақтар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнерін тамашалады. Қазақстандық жас музыканттар кешке ерекше ұлттық сипат берген сыбызғы, шаңқобыз, сазсырнай, шертер, жетіген, домбыра сынды ұлт аспаптарында өнер көрсетті.