«Германияның бұрынғы ішкі істер министрі Рахат Әлиевті тұтқынға алуды талап етті» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 22 ақпан, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Германияның бұрынғы ішкі істер министрі Отто Шили өз отанында екі банк қызметкерін ұрлап әкетіп, оларды азаптап өлтірді деген айып тағылған Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевті тұтқынға алу үшін ордер берілуін талап етті. Қазір Венада тұрып жатқан Германия Социал-демократиялық партиясының мүшесі Әлиевке қатысты жоғарыдағыдай шараның Францияда, Ұлыбританияда немесе Германияда қабылданып қойылғанына сенімді. «Отто Шили сондай-ақ өлтірілген менеджерлер жесірлерінің мүддесін қорғаған веналық адвокат Габриэль Ланскиді қолдайтынын білдірді. Шили мен Лански істің тергелуі және присяжнойлар соты тағайындалуы барысында Әлиев пен оның сыбайластарын (олардың бірқатары қазір Австрияда тұрып жатыр) қамауға алуды талап етіп отыр», - делінген «Германияның бұрынғы ішкі істер министрі Рахат Әлиевті тұтқынға алуды талап етті» деген тақырыппен берілген мақалада.

«Арыстың суымен нуланып жатқан Ордабасы ауданындағы жылыжайда көкөнiс өсiрудiң қолға алынғанына үшiншi жылға аяқ басты. Айналасы аз ғана уақыттың iшiнде жабық орында бапталған бақша өнiмдерiнiң дәмiн елiмiздiң көптеген қалаларының тұрғындары татып үлгердi», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Агросектор айшықтары» деген тақырыптағы мақаласныда. Басылымның атап өтуінше, қыс басы мен ерте көктемнiң қызанағы мен қияры берiсi Алматы, Астана, Қарағанды, әрiсi Өскемен шаһарларына жылына екi рет тұрақты түрде жөнелтiледi. Былтыр Ордабасы ауданының жылыжайларынан республикамыздың аймақтарына 100 тоннадан астам өнімдер жiберiлiптi. Бұдан үш жыл бұрын бiрдi-екiлi ауылдағы үйлердiң iргесiн­де, онда да бiрен-саран жабдық­тармен құрастырылған қондыр­ғы­ларда басталған бұл тiрлiк қазiргi кезде ауданның жақсы атын шығарған үлкен кәсiпке айналған.

***

Қысқы Азиада және ЕҚЫҰ саммиті кезінде алтынмен апталып, күміспен қапталып, қола тұғырға қондырылған жеті алтын асық «Асығыңыз алшысынан түссін» деген қазақтың қанатты сөздерімен шекіліп ғаламшарға тарап кеткен еді. Енді «ЭКСПО - 2017» көрмесі кезінде осы кәдесыйымызға ойылып жазылған қанатты сөздер қазақ және ағылшын тілдеріне аударылып, шетелден келген қонақтарға бас кәдесый ретінде ұсынылмақ. бұл жайында «Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде жарияланған «Қазақтың кәдесыйы ғаламды таңғалдыра ала ма?» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның атап өтуінше, Ин­дустрия және жа­ңа технологиялар министрлігінің бас­қарма бастығы Түгелбай Бекбергенов туризмді дамыту үшін қолөнер, өнімдер мен шеберха­на­лар­ды қалай ұйымдастыру керек, шеберлерге қан­дай көмек жасау керек екендігі пысықталып, жүйе­лік жо­балар жасалып жатқанын айтқан. «Бізде кәдесый өндірісі енді ғана қол­ға алы­нып жатыр. Қозғалыс бар. Ас­та­на саммитінің қонақтарын өзімізде жасал­ған кәдесыймен қам­тамасыз еттік. Азиа­да кезінде де кәдесый жа­сауға отандық қо­л­өнер шеберлері қатыстырылды. Ал ЭКСПО-ның орны бөлек. Біз ЭКСПО кезінде қол­өнер, кәдесый секторында қол жеткен бар­лық жетістігімізді көрсетеміз, бір-екі компания­ның өнімдерімен шектеліп қал­маймыз», - депті ол.

Осы басылымның жазуынша, Қазақстан фермерлері Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылуы тиіс Бірыңғай астық холдингінде өз өкілдеріміз болуы керек деп санайды. Олар қажет болса холдинг құрамындағы шенеуніктер мен шаруалардың үлесі тең болуы тиіс деп отыр. Фермерлер бұл талаптарын Астанада өткен Қазақстан фермерлерінің республикалық жиынында айтыпты. Ал бұл ұсыныс қалай қабылданары әзірге белгісіз. «Белгілісі, Бірыңғай астық холдингіне ерікті түрде астық өндіруші компаниялар, оның ішінде орташа және ұсақ ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндірушілер де кіре алады. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков те астық холдингі фермерлердің мүддесін біріктіретін болады деп сендіріп отыр», - деп жазады басылым. Мақала «Астық холдингі кімнің мүддесіне құрылады?» деген тақырыппен берілген.

***

«Тіл - ұлттың бітім-болмысын қалыптастыратын басты құрал. Және бала қай ұлттың тілінде білім алса, сол ұлттың тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін бойына сіңіріп өседі. Сондықтан қазақ баласы өз ана тілінде сауат ашып, білім алуы тиіс», - деп жазады «Алаш айнасы» газетінің тілшісі басылымның бүгінгі санындағы «Қазақ баласы неге өз елінде өзбек тілінде оқиды?» деген тақырыппен берілген мақаласында. Автордың жазуынша, Оңтүстік Қазақстан облысында өзбек ұлтының өкілдері көптеп тұратыны белгілі. Тіпті екі-үш қана қазақ отбасы қоныстанған ауылдар да бар. Бірақ бұл қазақ балаларының өзге тілде білім алуына сылтау бола алмайды. Қолдағы дерекке сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданындағы сегіз ауылдық округте 120 қазақтың қара домалағы өзбек тілінде оқып жүр.

Осы басылымның «Ой-көкпар» айдарында «Мемлекеттік грантпен білім алған жас мамандарды жолдама арқылы жұмысқа орналастыру жүйесін енгізу мүмкін бе?» деген тақырып таразыға тартылған. «Ой-көкпар» сұрағына экономика ғылымының докторы, профессор, академик, «Тұран» университетінің ректоры, ЖОО қауымдастығының президенті Рахман Алшанов «Ия» деп жауап берсе, «Жоқ» деп кәсіпкер Азат Қонысбек өзінің ұстанымын білдіреді.

Соңғы жаңалықтар