Ғибратты өмірін халқына арнаған дара тұлға

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Пәкістан мемлекеттілігінің негізін қалаған аса ірі саяси қайраткер Мұхаммед Әли Джинна 1876 жылы 25 желтоқсанда туды. Бүгінде оның отаны үшін атқарған зор қызметінің құрметіне жыл сайы бұл күн Пәкістанның ұлттық мерекесі болып аталып өтеді. Қазақстанның Азия құрлығындағы және мұсылман әлеміндегі сенімді серіктестерінің бірі болып саналатын мемлекеттің мерекелі күніне орай Мұхаммед Әли Джинна туралы дипломатия ардагері Руслан Ахметтің мақаласын оқырман назарына ұсынамыз.
None
None

***

Британ империясының отарына айналған Үндістан түбегінде XIX ғасырдың басында Тұманды Альбионнан шыққан капиталдың кең түрде енуі, теміржол мен кәсіпорындардың салынуы, банктердің ашылуы жергілікті буржуазия мен жұмысшы табының қалыптасуына жағдай туғызды. Ағылшын үкіметінің Үндістанды басқару жүйесінде білім беру саласында жасаған реформалары, бірқатар университет пен оқу орынының ашылуы және үнді жастарының еуропалық білім алуы үнді ұлттық зиялыларын қалыптастыру негізін қалады. Бұл үрдіс ағартушылық, діни-реформаторлық және саяси салаларында Р. Рая, Д. Сарасвати, Св. Вивекананда және Саид Ахмад хан және т.б. ұлттық деңгейдегі ірі тұлғалардың пайда болуына ықпал етті. Олар ағартушылық және үгіт-насихат жұмысы арқылы халыққа азаттық ойын жеткізіп, ұлт-азаттық, демократиялық қозғалыстың идеологтары ретінде таныла білді. Уақыт өте келе үгіт-насихат жұмысына жаңа әлеуметтік күштер тартылды, озық ойлы жастар қосылды, нәтижесінде ұлт-азаттық қозғалыстың ауқымы кеңейіп, ол неғұрлым ұйымдасқан сипатқа ие болды.

Британ Үндістанының саяси тарих аренасына Үнді ұлттық конгресі (ҮҰК, Конгресс, 1885 ж. құрылды) партиясының шығуы елдің саяси және қоғамдық өміріне айтулы жаңалықтар алып келді. Әсіресе, ағылшын билігіне қарсы қабылдаған партияның Свадеши (отандық өндіріске бет бұру) және Свараджға (өзін өзі басқару) шақырған ұраны халық арасына тез жайылып, оның беделін арттырды. Осы партияны құрушының бірі болған Д. Наороджидің 1906 жылдан бастап жеке хатшысы қызметін атқарған Мұхаммед Әли Джинна саяси қозғалыстардың белсенді мүшесіне айналды.

М. Джиннаның әке-шешесі Гуджарат штаты, Панели ауылының хинду дінін ұстанған тұрғындары еді. Олар 1875 жылы Мысырдағы Суэц су арнасының ашылуына байланысты жедел экономикалық өрлеу үстінде болған қазіргі Пәкістан аумағындағы ең ірі Карачи қаласына көшіп келеді және осында мұсылмандықты қабылдайды. Саудамен айналысқан әке-шешесінің отбасында 4 ұл, 3 қызы болды. Жастайынан оқуға зерек Мұхаммед бастапқы мектепті Мумбай қаласында әкесінің ағайындарының қолында тұрып оқиды, сонан Карачиге қайта оралып Синд ислам мектебі мен христиандар миссиясы қоғамының жоғарғы мектебінде исламдық және еуропалық білім алады. Мектепті тәмамдаған ол Бомбей университетіне түседі, алайда әкесі оны достарының ұсынысымен Британияға оқуға жібереді. Лондонда орналасқан Линкольнс Инн (Lincoln’s Inn) атты жоғарғы оқу орнының заң білімі бөлімінде оқыған М. Джинна Британ Үндістан халқының тәуелсіздігін жақтайтын қозғалыстың болашақ басшылары Дадабхай Наороджи (Ұлыбритания Парламентінің депутаты) мен Фирузшах Мехтамен танысып, олардың саяси өмірлік мектебінен өтеді. Оқуын тамамдаған ол Мумбайда адвокат мамандығы бойынша жұмысын бастайды және 20 жастағы М. Джинна сол кезде қаладағы адвокатура қызметіндегі жалғыз мұсылман өкілі болып табылды.

Осы қызметінде жас Мұхаммед көбінесе мұсылман қауымының мәселелерімен айналысты және оның барлық мұң-мұқтаждарын терең сезініп, аса ыждағатпен шешіп отырды. 1901 жылы әкесінен айырылғаннан соң отбасының барлық ауыртпашылығы мен мәселелері ерте есейген Мұхаммедтің мойнына түсті. Жастық жылдары оның өмірлік ғана емес, сонымен бірге саяси ұстанымдарын шыңдады және осы жылдары пісіп жетілген – Британ Үндістанының мұсылмандарына қызмет істеу идеясын өзінің болашақтағы мұраты ретінде қабылдады.

1904 жылдан бастап М. Джинна өзінің адвокатура қызметімен қоса саяси карьерасын да қоса алып жүрді. ҮҰК партиясының басшылығымен тығыз қатынаста болған ол осы жылы партия мүшелігіне өтеді. Конгрестің негізгі мақсаты - Британ Үндістанының тәуелсіздігіне қол жеткізу және ол идеяның мұсылман қауымдастығында зор қолдауға ие болуы жас заңгердің мұсылмандар партиясына кіруіне өзінің ықпалын тигізді. 1913 жылы Бүкілүндістандық мұсылман лигасының (БМЛ) мүшелігіне өткен ол 1916 жылы партияның президенті болып сайланды. Сонымен, 1920 жылға шейін екі партияның жұмыстарына қатар араласып, жергілікті саясатының ортасында жүрді.

1907 жылы ҮҰК басшыларының бірі Ф. Мехтаның Үндістан Парламенті рөлін атқарып отырған Императорлық заңнамалық кеңес (ИЗК) мүшелігіне өту жолында қарсыластарымен соттасқан ісінде өзін іскер адвокат ретінде көрсете білуі Джиннаның абыройын асқақтатты, елге танымал қылды. 1909 жылы Мумбайдағы мұсылмандар қауымы атынан ол 60 орынды ИЗК мүшелігіне өтті және 1911 жылы мұсылман қауымына қажет діни қорларды жасауға рұқсат беретін заңнамалық Вакфтер актісін ұсынып, ол Вице-корольдің қол қоюымен заңға айналды. 1913, 1914 жылдары ҮҰК атынан Ұлыбританияға барып, көптеген саяси келіссөздерге қатысты.

Алайда, партия басшылары Ф. Мехта мен Г.К. Гокхаленың 1915 жылы, ал Д.Наороджидің 1917 жылы қайтыс болулары М. Джиннаның ҮҰК-дегі саяси ұстанымына кері әсерін тигізбей қоймады. Дегенмен, басты мәселе оның осы жылдары партия басшылығына келген Махатма Гандимен ортақ мәмілеге келе алмауында болды. Ол 1919 жылы сәуірде Амритсарда шерулерге шыққан адамдарға қару қолданған ағылшын билігіне қарсы Ганди ұсынған қарсылық көрсету акцияларын қолдамай тастады. Мыңға тарта адам мерт болған шерулер Үндістанда халықтың ашу-ызасын тудырғанына қарамастан Джинна бұл акцияларды саяси анархияға апарар жол деп атады.

Жалпы, үнді тәуелсіздігінің бастауында тұрған екі ұлы ойшылдардың өзара саяси позицияларындағы алшақтықтың себебі ол хинду дініндегі ел мен мұсылмандардың өзара қатынасы және тәуелсіздік алғаннан кейінгі олардың болашағы болып табылды. Тәуелсіздік жолындағы күрес барысында Британ Үндістанының халықтары арасында өздерінің этникалық болмысы, діні, ұлты, оның тарихи даму ерекшеліктеріне арнайы назар аударған әрқилы үрдістер қатар жүріп жатты. Үнді қоғамының діни бөлінісі (индуизм және ислам) ұлт-азаттық қозғалысына өзінің теріс ықпалын тигізді. Елде ұлтшыл және діни ұйымдар пайда болып, олар өзге халықтардың тіршіліктегі төменгі рөлдерін айқындаумен шұғылданды. Сол кездерде үнді қоғамында «Хинду махасабха», «Раштрия севак сангх» және т.б. хиндулардың артықшылығын айқындау мақсатында құрылған ұйымдар аса беделді болды және олардың өкілдері ҮҰК партиясының қызметіне өздерінің әсерін тигізіп, керек жерде қысым көрсетіп отырды.

М. Джинна ҮҰК партиясы басшылығының гандизмді өзінің идеологиясы мен тактикасы ретінде қабылдауына орай 1920 жылы партия мүшелігінен шықты. Сонымен, екі дін өкілдерінің ашық келіспеушілігі Үндістанда «екі ұлт» теориясының өмірге жолдама алуына алып келді және ол өз кезегінде Үндістанмен қоса Пәкістан деген мемлекеттің құрылуына негіз болды. М. Джинна аталған теорияны ашық жақтап, оның бірден-бір насихатшысы бола білді. ҮҰК үндеуімен бүкіл Үндістанда 1921 жылы партияның басшылығына келген М. Гандидің «азаматтық бағынбау» атты ағылшын билігіне қарсы қозғалысы жүріп жатты. Бұлар, әсіресе 1920-1922, 1930, 1932-1934 және 1942 жылдары бүкіл Британ Үндістанын қамтыған кең ауқымда өтті. Барлық қалалар мен ауылдардағы үнділер ағылшын тауарларын сатып алудан бас тартты, ағылшын банктеріне, мейрамханаларына, кинотеатрлар мен кітапханаларға кірмеді, ағылшындармен барлық іскерлік қатынастарды тоқтатты, ағылшын отаршыл үкіметі мен сотының шешімдерін орындамады. Миллиондаған адамдар қатысқан бейбіт шерулер мен ереуілдер өткізілді, ұлттық буржуазия өзінің банктері мен кәсіпорындарының зиян шегуіне қарамастан ағылшындармен іскерлік байланыстарын жүргізуден бас тартты. Сатьяграха науқандары үнді халқының отарлық езгіге қарсы орасан зор белсенді қимылы болды және оған мұсылмандар да қатысып отырды.

Осы кезеңде М. Джинна Мұсылман лигасының басшысы ретінде барлық іс-қимылды партиялық тәртіптің орнығуына, сонымен бірге ұйымға жаңа мүшелерді тарту мәселесі, кезекті штаттық және өзге сайлауларға қатысу секілді бағыттарға жұмылдырды. Штаттар билігіне өткен сайлауларда БМЛ көбінесе жеңіліс тауып отырды, өйткені хиндулар елде көпшілік болуымен қатар саяси элита көбінесе солардан болды, бизнесте, банк жүйесінде, өнеркәсіпте олар өздерінің саясатын жүргізіп отырды. Әлсіз және бәсекеге дайын емес мұсылмандардың саяси элитасының барлық үміті БМЛ партиясының және оның басшысы М. Джиннаның мұсылман азаматтарының тіршілігін жақсарту бағытындағы іс-әрекеттерінде болды.

«Екі ұлт» теориясы негізінде Үндістанды екіге бөліп, бөлек мұсылман елін құру мақсатында тынбай еңбек еткен М. Джинна 1940 жылы наурыз айында Лахорда өткен партия конференциясында бірінші рет Пәкстан мемлекетін құру жөнінде қабылданған қарардың авторы болды. Қарар бойынша Үндістанның батысында орналасқан Пенджаб, Синд, Солтүстік-Батыс шекаралық провинция, Белуджистан мен Кашмир, ал шығысында орналасқан Бенгалия мен Ассам штаттарының негізінде Пәкстан мемлекетін құру қарастырылды. Үндістанның көптеген саяси партиялардың басшылары аталған қарарға өздерінің теріс ұстаным білдірді, әсіресе М. Ганди М.Джиннамен бөлек бірнеше кездесу, келіссөз жүргізді. Олар қарарды қайта қарастыруды сұрады, алайда М.Джинна партияның мұсылмандарға берген уәдесінде тұратынын айтып, аталған шешімге беріктігін көрсетті.

М. Джиннаның осы мәселедегі табандылығы ақыры 1947 жылы 15 тамызда Үндістанмен қатар тәуелсіздікке Пәкістанның да қол жеткізуіне алып келді. Тәуелсіздіктің туын желбіреткен Пәкістан халқы өзінің сүйікті перзентінің отан алдындағы еңбгін жоғары бағалап, оны тәуелсіз елдің бірінші генерал губернаторы етіп сайлады. Алайда, 1948 жылы 11 қыркүйекте М. Джинна науқастан қайтыс болды.

Сонымен, әр мемлекеттің қиын-қыстау кезеңдерінде ұлтты алға жетелеуші айрықша пассионарлық қасиетке ие тұлғаның пайда болатыны тарихтан белгілі. Олар азаттық пен тәуелсіздіктің символы болып қана қоймай, өздерін ұлттың рухани және интеллектуалды ұстаздары ретінде көрсете білді. Мысал ретінде әлемдік деңгейде Джордж Вашингтон, Махатма Ганди, Нельсон Мандела, Мұстафа Кемал Ататүрік, Махатхир Мұхаммедтің аты бірінші кезекте есімізге түседі. Олармен бірге елінің тәуелсіздігі жолында барлық күш-жігерін жұмсаған ұлы тұлға – Пәкістанның бірінші генерал губернаторы Мұхаммед Әли Джиннаның да есімін атауға болады.


Руслан Ахмет, дипломатия ардагері


Соңғы жаңалықтар