Гидроциклмен жүйткіген әже: Құласам суға құлармын деп айдап кеттім

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде 82 жастағы әжейдің гидроциклмен жүйткіп жүрген видеосы кең таралып жатыр. Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасы 12 баласы, 23 немересі, 30 шөбересі бар кейуананың өзімен онлайн байланысқа шығып, тілдесіп көрді.

Гидроциклмен жүйткіген 82 жастағы әже: “Құласам суға құлармын деп, айдап кеттім”
Фото: Видеодан алынған скрин

— Мені әкем соғыстан келгенде жастайымнан атқа мінгізіп үйреткен. Уақытында велосипед те әперген. Жастық шағымда соның бәрін көргенмін ғой. Одан кейін Алла бұйыртып, тұрмысқа шықтым. Құдайдың берген 12 баласын өсіріп, жеткіздім. «Батыр ана» атандым. Оларды жұмысыммен қабаттастырып жүріп тәрбиеледім. Депутат болып та сайландым. Жақсы еңбегімнің арқасында Мәскеуге де жіберді. Солай елдің, халықтың көтермелеуімен өзімді бақытты санадым. Зейнетке шыққасын балаларымның арқасында шетелді де араладым. Египетте «Судың астына түсіп көресіз бе?» дегенде, судың астына да түстім. Содан кейін гидроцикл деген не тұрады, оны да көрейін деп, тәуекел етіп міндім. Одан алған әсерім қатты ұнады. Көлдің үстінде айналып жүрген ерекше екен. Құласам, суға құлармын, тәуекел дедім де, айдап кете бердім, — дейді Жадыра Жаниман.

Ал әжейдің гидроциклді жүйткіткен видеосын жанында отырған инструктор жігіт таспалап, әлеуметтік желіде жариялаған екен.

— Артымда бір бала видеоға түсіріп отырды. Ол меннен: «Апа, айдауды қайдан білесіз?» деп сұрады. Мен: «Бәрін білемін, бәрін айдап көргем», — дедім де, кете бердім. Ертеңіне қызымның телефонынан көрдім. «Апа, сізді Instagram-ға шығарып жіберіпті», — деді. Менің гидроцикл айдағаным халыққа танымал болыпты. Енді халыққа, жастарға үлгі болсын, — дейді желі жұлдызы.

Айта кетейік, Моңғолияда 100-дегі әже шабандоздар фестиваліне қатысты.

Соңғы жаңалықтар