Ғылым күні: 10 жас ғалым Президенттің қолынан пәтер кілтін алды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым қызметкерлері күніне орай бірқатар ғылыми қауымдастық өкілдерін марапаттап, 10 жас ғалымға пәтер кілттерін табыстады.

Президент 10 жас ғалымға пәтер кілттерін табыстады
Фото: Ақорда

Салтанатты жиында Президент отандық ғылымды жан-жақты қолдаудың және елдің ғылыми әлеуетін дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Тұрғын үй алғандардың қатарында іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға елеулі үлес қосып жүрген ғылыми ұйымдар мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының өкілдері бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми әлеует мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі мен халықаралық аренадағы беделінің негізгі көрсеткіштерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғанын еске салып, бұл Қазақстандағы ғылыми дамудың басымдығын айқындайтынын жеткізді. Президенттің айтуынша, ғылымға арқа сүйеу стратегиялық міндетке айналып отыр. Осыған байланысты оны қаржыландыру көлемі алты есеге артты, ғылыми-зерттеу университеттерінің желісі кеңеюде, сондай-ақ ғылыми жобаларға инвестиция салатын бизнеске салықтық жеңілдіктер қарастырылған.

Президент 10 жас ғалымға пәтер кілттерін табыстады
Фото: Ақорда

Іс-шара барысында жастардың рөліне де ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы отандық ғылымның болашағы білімді, дарынды және мақсатқа ұмтылған жас мамандардың қолында екенін атап өтті.

Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Президент 2026 жылғы 10 сәуірдегі Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Ғылым саласындағы елеулі жетістіктері мен жоғары білімді дамытуға қосқан үлесі үшін ғылыми қауымдастық өкілдері «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, сондай-ақ «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» және «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атақтарымен марапатталды.

Президент 10 жас ғалымға пәтер кілттерін табыстады
Фото: Ақорда

Салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысы жас зерттеушілерге 10 пәтердің кілтін жеке табыстап, отандық ғылымды қолдаудың маңыздылығын, сондай-ақ елдің ғылыми әлеуетін ашу мен дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

— Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Ғылым және жоғары білім министрлігі жас ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл — әлеуметтік қолдаудың және ғылыми қызметті ынталандырудың маңызды тетіктерінің бірі. Салалық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша ғылыми ұйымдар мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының өкілдеріне пәтерлер бөлінді. 2024-2026 жылдары Президент тапсырмасы аясында Алматы және Астана қалаларында 132 пәтер өтеусіз негізде берілді. Ал 2023-2026 жылдары ведомство жұмысының нәтижесінде 656 жас ғалымға пәтер кілттері табысталды, — делінген хабарламада.

Аталған шаралар ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін арттыруға, жас мамандарды ғылым саласына тартуға және Қазақстан ғылымының кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Бұдан бұрын Президент ғылым саласында зор жетістікке жеткен ғалымдарды марапаттағанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар