Ғылым мен өндіріс синергиясы: карбамид өндірісі зерттеледі
АСТАНА. KAZINFORM — Ірі отандық компаниялар технологиялық дамуды тереңдетіп, ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті шешімдер жасау мақсатында ғылыми ұйымдармен белсенді түрде ынтымақтасып келеді. Осы бағытта бірнеше жоба жүзеге аспақ. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

— KMG PetroChem компаниясы мен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы агроөнеркәсіптік кешенде отандық карбамидті қолдану жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат болашақ карбамид өндірісін ғылыми тұрғыдан растау және оның тиімділігін жан-жақты бағалауға бағытталған, — делінген хабарламада.
Келісім аясында Ғылым академиясы топырақ пен өсімдіктерге зертханалық және дала сынамаларын жүргізіп, ғылыми есептер мен практикалық ұсынымдар әзірлейді. 2025 жылы еліміздің әртүрлі агроклиматтық аймақтарында сынақтар басталып, шамамен 600 гектар егіс алқабы қамтылды.
Нәтижелері өнімділікті арттыруға, экспорттық әлеуетті нығайтуға және шаруаларды отандық өндірістің тиімді тыңайтқышымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осылайша, Үкімет өндірісті жоғары деңгейде өңдеу, өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру бағытында жұмыстар жүргізіп келеді.
Еске сала кетейік, Қазақстан мен Қытай карбамид зауытын бірлесіп салады.