Ғылым министрлігі оқушыларға мамандық таңдауға қалай көмектеседі
АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстанда жастардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауы үшін «Мамандығым – болашағым» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Kazinform агенттігіне хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, жоба аясында жаңа және трансформацияланатын мамандықтар анықталып, EduNavigator.kz платформасы арқылы оқушыларға профдиагностикалық тестілеу ұсынылады.
– Платформа оқушылардың қабілеті мен қызығушылығын анықтауға көмектесіп, оларға лайықты мамандықтар мен білім беру ұйымдарын ұсынады, – деп атап өтті ведомстводан.
2022-2024 жылдар аралығында Алматы, Жетісу, Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды, Ақтөбе, Ақмола және Жамбыл облыстарында 100,6 мыңнан астам оқушы кәсіби диагностикалық тестілеуден өтті. Нәтижесінде 55 пайызы жоғары оқу орнына, 25 пайызы колледжге түсуді жоспарлап отырғанын көрсеткен.
Оқушылар арасында сұранысқа ие бағыттар:
• бизнес, басқару және құқық – 29%;
• инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары – 11%;
• жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика – 9%;
• денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру – 8%;
• ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 8%;
• өнер және гуманитарлық ғылымдар – 7%;
• педагогикалық ғылымдар – шамамен 5%.
Сонымен қатар оқушылардың 19 пайызы әлі де мамандық таңдауда қиналып жүргенін айтқан.
Болашақ талапкерлерді ең алдымен кәсіби маңызды қасиеттері туралы ақпарат (38%) және мамандықтың қандай пәндерді оқытатыны мен еңбек жағдайлары (30%) қызықтырады. Сонымен қатар, олар таңдаған мамандық бойынша қайда оқуға болатынын (21%) және ол мамандықтың еңбек нарығында қаншалықты сұранысқа ие екенін (18%) білуге ынталы.
Сондай-ақ оларды болашақтың сұранысқа ие мамандықтары (22%), жеке қабілеттерін бағалау әдістері (13%), әлемдегі мамандықтар (15%) және жалақы деңгейіне қатысты талдау (8%) қызықтырады.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, оқушылардың 43 пайызы ақпаратты интернеттен іздейді, ал кәсіби бағдар беру шараларының ішінде маман иелерімен кездесулерді (25%) және мамандық таңдауға арналған тесттерді (22%) көргісі келеді.
Министрлік бастамасы жастарға болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік беріп отыр. Алайда, оқушылардың белгілі бір бөлігі әлі де кәсіби бағдарлауда қиындық көріп отырғаны байқалады.
Еске салайық Халықаралық жастар күні және жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Жастар болашағы – жарқын Қазақстан» атты республикалық жастар форумы жұмысын бастағанын жазғанбыз.