Ғылым туралы заңға қандай өзгерістер енеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда өткен Мәжіліс жанындағы қоғамдық палатаның отырысында «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы талқыланды.

Мәжіліс депутаты, палата төрағасы Айдос Сарым жетекшілік еткен отырысқа Мәжіліс депутаттары, Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.
Айдос Сарымның айтуынша, ғылым және ғылыми-техникалық қызмет жетістігін коммерцияландыру туралы қолданыстағы заңдар бүгінгі күні өзектілігін жоғалтып, уақыттың нақты сын-қатеріне жауап бере алмай отыр.
Алайда, екі заңды бір заңға механикалық түрде біріктіріп, түзетуге енді келмейді.
«Бәрімізді алаңдатып отырған мәселелердің бірі — ғылыми қызметке жас кадрларды тарту, жалпы, ғылымның беделі мен абыройы. Бұл туралы өткен жылы Ғылым және жоғары білім министрінің өзі айтқан еді. Сондай-ақ ғылымды қаржыландыру мәселесі бар. Біз әртүрлі механизмдер, оның ішінде мемлекеттік бар екенін білеміз, ол бүгінде үлкен сынға ұшырап отыр. Біздің заңдарда ірі жер қойнауын пайдаланушылар пайданың 1%-ын ғылыми мақсатқа аударуы керек деген норма бар, алайда, оның қайда кетіп жатқаны белгісіз. Бұл мәселенің бәрін біз бүгінгі отырыста шеше алмаспыз, бірақ саланың негізгі заңын талқылауға, өз ұсынысымызды жеткізуге, қандай бағыттар қамтылмағанын көруге мүмкіндігіміз бар», — деді Айдос Сарым.
Кейін отырысты қорытындылай келе, Айдос Сарым қаржыландыру ең алдымен ел экономикасының басым мақсаттарына бағытталуы керек екенін мәлімдеді.

Бұл ретте гуманитарлық ғылымдар шетте қалмауы керек. Айдос Сарым заң екі маңызды нәрсені анықтайтынын атап өтті.
«Бірінші — мемлекеттің осы салаға қатынасы. Бүгін оның шынымен құрметті мамандық болуы, адамдар сол үшін ғылымға баруы үшін ғалымның жеке мәртебесін заңмен белгілеу туралы пікір айтылды. Екінші басымдық — біз уақытпен бірге аяқ алып жүруіміз керек. Бұл ретте технологиялық саясат туралы сұрақ туындайды. Біздің ғалымдарымыздың еңбектері кабинеттік болмауы керек, олар өндіріске, өнеркәсіпке, бизнеске баруы керек, біздің бизнес патентті қажет етуі керек, онда инновациялар көп болуы керек. Айталық, егер отандық ғалымдар қандай да бір инновация әзірлесе және олар әлемдік деңгейде патенттелсе, бұл ел үшін де үлкен мүмкіндік саналады. Бізде әлемдік көшбасшы бола алатын бірнеше үлкен сала бар. Атом өнеркәсібі, медицинаның кейбір жеке бағыттары. Біз бұл басымдықтарды заңмен реттеуіміз керек», — деп атап өтті Айдос Сарым.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева сарапшылар қандай ұсыныстар енгізгісі келетінін айтты.
«Заң жобасы жаңа редакцияда талқыланып жатыр. Жаңа құжат шыққалы отырғанын атап өту керек, сондықтан көптеген тұжырымдамалық дүниелер қарастырылды, ол — іргелі ғылым саласындағы басымдық, оның ішінде ұлттық стандарт, ғылыми зерттеулердің сапасын бағалау, ғылыми дәрежелерді қалыптастыру және тағы басқасы. Заң жобасының келесі маңызды міндеті — қолданбалы ғылыми зерттеулер. Біз ғылымды тәжірибе, өндіріспен, яғни, технологиямен біріктіріп, достастыруымыз керек. Қолданбалы бөліктер бойынша ғылыми инфрақұрылым мәселесі қаралып жатыр», — деді ол.
Сарапшылар сондай-ақ заңдағы ғылыми инфрақұрылым жеткілікті реттелмегенін айтып отыр.
«Ғылыми инфрақұрылым деген не? Бұл — жоғары оқу орындары жанындағы ғылымды қажет ететін аумақтардың технопарктер желісінің жүйесін дамыту, ғылыми-өндірістік кешендерді дамыту, ғылыми-технологиялық бастамаларды дамыту үшін еркін экономикалық аймақтар, белгілі бір инновацияларды іске асыру үшін арнайы құқықтық режимдерді дамыту. Бұл — үлкен бағыт, оның бөліктерінің жиынтығынсыз біз ғылыми-зерттеу әзірлемелеріміздің ары қарайғы дамуын көрмейміз. Сондықтан ғылымды қажет ететін аумақтар мәселесі де талқылануға тиіс», — деді депутат.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Зәки заң жобасы келесі новеллаларды қамтитынын атап өтті:
- Ғылымды басқару жүйесінің құрылымын жетілдіру. Оның ішінде Жоғары ғылыми ұлттық кеңестің ғылымды қаржыландыру көлемін мақұлдау және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландыру.
- ҚР Ұлттық ғылым академиясының функцияларын кеңейту, бағдарламаларын нысаналы қаржыландыру конкурстары бойынша ғылыми техникалық тапсырмаларға өзінің үлесін қосу.
- Ғылыми зерттеулерді іске асыруға ұсынатын негізділік пен технологиялық әзірлікті бағалаудың жаңа тетіктерін енгізу.
- Ғылым қорының функцияларын күшейту. Оның ішінде бизнес акселерация, бизнесті технологиялық декларациялау, технологиялық брокерлік бағдарламаларды іске асыру, сондай-ақ, венчурлік қаржыландыру тетіктері мен инфрақұрылымын қалыптастыру.
- Ғылыми техникалық ақпаратты жинау, өңдеу және талдау тетігін енгізу. Келешекте сол бойынша орталық құру.
- Ғылыми қызметкерлердің, оның ішінде жас ғалымдардың әлеуметтік қолдау пакетін кеңейту.
«Әрине, бұл айтылып отырған ұсыныстардың бәрі бір жыл бойы, 2023 жылдың қаңтар айынан бастап 200-ден астам ғалым кірген топтың аясында талқыланды. 1 қыркүйекте ашық порталға шықты. Оның соңғы нұсқасы мәжіліске ұсынылды», — деп атап өтті Дархан Ахмед-Зәки.
Еске салайық, ашық талқыға шығарылған Ғылымды дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасында 2024 жылы елімізде «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң әзірленуі мүмкін екені айтылған.
Сондай-ақ бұрынғы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Ғылым және жоғары білім министрлігіне өткен жылдың маусым айында Парламентке «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасын енгізуді тапсырды.