Ғылым жолына түскен жастарға жан-жақты қолдау көрсетіледі — Президент
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесу барысында жастарға барынша жағдай жасау мемлекеттің басты міндетінің бірі екеніне тоқталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл бағытта ауқымды іс атқарылып жатыр. Бірақ негізгі жұмыс әлі алда.
— Қазіргі таңда еліміздің әр аймағында заманауи үлгідегі «Келешек мектептері» ашылуда. Мұғалім мәртебесін көтеруге баса мән беріліп жатыр. Ғылым жолына түскен жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бұл ретте «Болашақ» халықаралық стипендиясы тиімді рөл атқаруда. Жоба аясында мыңдаған жас азамат әлемнің озық университеттері мен зерттеу орталықтарында білім алды. Бүгінде олардың көбі елімізді өркендетуге мол үлес қосуда. Алдымызда тұрған міндет — осы стипендияға нағыз қабілетті, дарынды балаларды іріктеу. Кездейсоқ адамдарды қосуға болмайды. Сондықтан келесі жылдан бастап халықаралық олимпиада жеңімпаздарын «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға жіберу туралы шешім қабылданды. Осылайша, біз дарынды әрі талапты жастарға жан-жақты қолдау көрсете береміз, — деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, халықаралық беделді олимпиадалардағы жастардың жетістіктері ұлтымыздың зияткерлік қуаты мен өскелең ұрпақтың зор әлеуетін танытады.
— Елімізге ғалымдар, инженерлер, педагогтер, дәрігерлер мен басқа да жоғары білікті мамандар қажет. Әсіресе, жасанды интеллект саласындағы мамандар айрықша сұранысқа ие болады. Инновация мен жоғары технологиялар негізінде еліміздің алдағы даму кезеңдерінің берік іргетасын қалап жатырмыз. «Росатом» компаниясымен бірге салынатын алғашқы атом электр стансасы стратегиялық маңызға ие. Бірер күн бұрын оның құрылысы ресми түрде басталды. АЭС энергетика нысаны ғана емес, ғылыми-техникалық прогрестің жарқын символы болуға тиіс. Әзірге оның атауы жоқ. Бұл еліміздегі тұңғыш станса болғандықтан, халық арасында үздік атау жөнінде байқау жариялауға болады деп санаймын. Осы сайысқа қатысып, шығармашылық қарымдарыңызды көрсетуге шақырамын. Бәлкім, шешім қабылдаған кезде Сіздердің де ұсыныстарыңызға сүйенерміз, — деді Президент.
Мемлекет басшысы жастарға ғибратты сөзін арнады.

— Біз қазір бәріміз бір ел болып Әділетті, Таза әрі Қауіпсіз Қазақстанды құрып жатырмыз. Бұл — жай саяси науқан емес. Бұл — мемлекеттілігімізді нығайту деген сөз. Осы ауқымды жұмысты жастарымыз үшін бастадық. Енді оны міндетті түрде орындауымыз қажет. Оның бар игілігін, ең алдымен, өскелең ұрпақ, яғни, Сіздер көресіздер! Мен еліміздің жастарына зор сенім артамын. Қазақстан жастары көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, дарынды, еңбекқор азаматтар деп үнемі айтып жүремін. Ұл-қыздарымыз әрқашан адал азамат деген атқа сай болсын деп тілеймін. Ең алдымен Отанға, елімізге адал болыңыздар. Сіздер халқымызды жер жүзіне зияткер ұлт ретінде танытып жүрсіздер. Әрдайым ізденіс пен еңбек жолында болыңыздар. Өскелең ұрпақ Сіздерге — талантты жастарға қарап бой түзейді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы халықаралық жарыстарда топ жарып, алтын, күміс және қола медаль иеленген жастарға 1500, 1000 және 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржылай сыйақы сертификаттарын салтанатты түрде табыстады.

Былтыр шахматтан үш дүркін әлем чемпионы Айару Алтынбектің арманы орындалып, Мемлекет басшысымен кездескен еді. Президент бүгін оның ағасы Ерасыл Алтынбекті марапаттады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Президент халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттағанын жазған едік.