Ғылымды басқаруда әлі де бюрократия бар — сенатор
АСТАНА. KAZINFORM — Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев отандық ғалымды қолдау мен ғалымдардың мәселесін қозғады.

— Бүгінде ғылым саласындағы кемшіліктерді өздеріңіз білесіздер, жас ғалымдардың жетіспеушілігі, яғни жас ғалымдардың шетелге кетуі. Оған себеп төмен жалақы, басқа да әлеуметтік мәселелер. Екіншіден, ғылыми зерттеулер көп, бірақ олар өнеркәсіпте қолданылмай жатады, сол сияқты жеке секторлар мен ғылыми орталық арасында байланыстың жоқтығы. Курчатов қаласындағы ядролық физика институтын алатын болсақ, ол жерде бүкіл цикл бар, тек жалғастыру керек. Сонда ғана ғылым алдыға жылжиды, — деді Ғалиасқар Сарыбаев Сенат қабырғасында өткен ғылым қалашықтарын дамыту мәселелеріне арналған отырыста.
Одан әрі сенатор қазақстандық ғалымдардың жарияланымдарына тоқталды.
— Халықаралық ғылыми журналдардағы жарияланымдар өте үлкен проблема, жарияланымдар шығады, бірақ біз оларды оқи алмаймыз. Сондықтан жас ғалымдарды қорғау керек. Ғылымды басқаруда әлі де болса бюрократия бар, соны жою керек. Ақша бөлінеді, оның ашықтығы жоқ, қомақты қаржыдан бір-екі ғылыми жоба жасайды, бірақ ол өнеркәсіпке енді ма оны ешкім біліп жатқан жоқ, — дейді ол.
Айта кетейік, бүгін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде Курчатов қаласын ғылыми орталыққа айналдыру мәселелері қаралды.