Ғылымды заң жүйесімен реттеу керек – Асқар Жұмаділдаев
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ қашан технократ ұлт болады? Ол үшін не істеу керек? Отандық ғылымды ілгерілетудің алдында қандай мақсат тұр? Осы және өзге де сұрақтарға Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев Jibek joly телеарнасына берген сұхбатында жауап берді.
– Асқар Серқұлұлы, Президент технократ ұлт болуымыз керек деп айтты, өзіңізде айтып жүрсіз, соған бет бұрып келеміз бе? Қандай кедергілер бар?
– Бір бұйрықпен, үкіммен технократ ұлт жасай салуға болмайды. Әлемдік үрдісті алып қарасаңыз, әр жерде әртүрлі болған. Мысалы, ағылшындардың XVII ғасырдағы негізгі кәсіби қой бағу болған. Өйткені, жері жақсы, шөбі шүйгін. Қойдың жүнінен мата жасайды, содан алғашқы инженерлер тігін машинасын ойлап тапты, содан кейін мата тігетін фабрика ашқан, осыдан кейін ағылшындардың ата жер жүзге жайылған, өйткені ағылшындардың тауары, киімі дүниедегі ең мықты деген сияқты әңгіме шыққан. Біздің технологиямыз, ғылымымыз, экономикамыз мықты болу керек. Сонда біздің әскеріміз де мықты болады, сонда бізді мойындайтын болады. Біз намысты болуымыз керек деген әңгіме айтамыз. Ол жалаң нәрсе, қайдағы намыс? Артыңда бір қаруың болмаса. Қазаққа технология керек, қазақ технократ ұлт болуы керек. Ендігі мақсат – Президенттің осы тапсырмасын ретке келтіру. Біз технологиясы дамыған елге айналуымыз керек, одан кейін қалғаны өзі келеді.
– Сіздің пайымдауыңызша, бізге технократ ұлтқа айналу үшін қанша уақыт қажет?
– Біздің қашан технократ ұлт болатынымызды мен айта алмаймын, оны ешкім білмейді. Украиналық Игорь Сикорский деген болған, Америкаға кеткен, ол тікұшақ ойлап тауып, Амреиканың Үкіметіне, бай-қуаттыларына барып, тікұшақ ойлап таптым деп көмек сұрайды, бірақ біреуі бір тиын да бермейді. Бірақ, оның ақылдылығы мойымайды, ол жерлесі, атақты музыкант, композитор Сергей Рахманиновке барады, содан орыстар жиналып, оған ақша жинап береді. Ол тікұшаққа тәжірибесін жүргізіп ұшатын жағдайға келтіреді. Соғыс уақытында ол тікұшақты көрсетеді, содан кейін Үкімет мынау керемет нәрсе екен деп, оған қаржы бөледі. Осыдан кейін АҚШ-тың тікұшақ өндірісі қарқынды дамиды. Жас ғалымдарды ынталандырып, жағдай жасау керек дегенде дұрыс нәрсе, бірақ ғалым жас, кәрі болып бөлінбейді, ғылым жас таңдамайды. Кеңес Одағы кезінде бізде 60 мыңдай ғылыми қызметкер болған, тәуелсіздіктен бері 20 мыңға азайған, ал өткен жылдан бері ғылыми қызметкерлердің саны 3 мыңға артыпты. Сол 23 ғалымның жүзден біреуі жарып шықса ол үлкен жетістік.
– Елімізде идеясы бар жас ғалымдар шетелге кетіп ағылуда деп жатыр, бұған не дейсіз?
– Шетелге кетіп жатқан қазақтар ғана емес, мен Қытайға барып келдім, ол елде мықты университеттер бар. 70-80 жылдары Қытайда ғылым төмен болатын, бірақ соңғы 20 жылда ол елдің ғылымы жоғары дамып кетті. Неге десеңіз, университеттерге орасан зор қаржы бөлді. 20 жылдың ішінде Қытай генетикадан революция жасады.
– Ұлттық ғылым академиясының алдағы мақсатына тоқталып өтсеңіз?
– 1946 жылы құрылған ұлттық ғылыми академия ел аман, жұрт тынышта 2003 жылы жабылып қалды. Академиялық беделінен айрылып, қоғамдық мекеме қалды. Одан бері 20 жыл өтті, ғылым бір бөлек кетті, академия өз алдына кетті. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық ғылым академиясын қайта жандандыру туралы үкім шығарды. 2023 жылдан бастап академия жұмыс істеп жатыр, биыл бір жыл болды. Бір жылдың ішінде 20 жылда тоқырауда болған нәрсені орнына келтіру мүмкін емес. Біздің мақсат – ғылымды заң жүйесімен реттеу керек. Бірақ мұның қиындығы бар, ұзақ уақыт қажет етеді.