«Ғылыми Оскар» иеленген қазақстандық офтальмолог жаңа құрылғының мүмкіндігін түсіндірді
АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстандық офтальмолог Мұхит Құлмағанбет Гонконгта өткен ICT Startup Award халықаралық байқауында Hardware and Device номинациясы бойынша алтын жүлде иеленді. Оның SLOPE атты инновациялық құрылғысы көз ауруларын ерте кезеңде анықтауға арналған.
– SLOPE құрылғысының басты ерекшелігі – поляризациялық сәулені пайдаланып, көз түбіндегі торлы қабықтың, нақтырақ айтқанда макуланың қызметін бағалай алуында, – дейді офтальмолог Мұхит Құлмағанбет.
Дәрігердің айтуынша, макула – адамның негізгі көру қабілетіне жауап беретін аймақ. Макулярлы дегенерация немесе дистрофия секілді аурулар бастапқы кезеңде байқалмайды және қазіргі диагностикалық құрылғылармен анықталмайды. Ал SLOPE осы өзгерістерді ерте кезеңде тіркеуге мүмкіндік береді.

– Бұл құрылғы әзірге прототип деңгейінде. Бірақ болашақта торлы қабық ауруларын ерте диагностикалауға арналған құрал ретінде дәрігерлердің күнделікті тәжірибесіне енгізуді көздеп отырмыз, – дейді ол.
Жобаның халықаралық байқауда жеңіске жетуі жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан. Атап айтқанда, жеке инвестиция тарту, мемлекеттік қолдау, шетелдік конференциялар мен ғылыми алаңдарға шығу мүмкіндігі артып отыр.
Қазіргі таңда SLOPE құрылғысының прототипі Гонконг пен Канададағы бірқатар жеке көз клиникаларында сынақтан өтіп жатыр. Шетелдік дәрігерлер оны тәжірибеде қолданып, жетілдіруге қатысты ұсыныстарын беріп жатыр.

– Қазақстанға бұл құрылғыны әкелу – үлкен арманым. Себебі макулярлы аурулардың ерте диагностикасы елімізде әлі де өзекті мәселе, – дейді ол.
Айта кетейік, офтальмологтың айтуынша, жасы ұлғайған адамдарда макулярлы дегенерация мен глаукома, ал жастар арасында миопия мен көздің құрғауы жиі кездеседі. Бұған гаджеттерді ұзақ пайдалану негізгі себептердің бірі болып отыр.
Бұған дейін 1–2 жасар балалар арасында көздің қылилануы көбейіп бара жатқаны туралы офтальмолог пікірін жариялаған болатынбыз.