Ғылыми жобаларды бес жылға қаржыландыру мәселесі қайта қаралуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы министрі Мәди Тәкиев Құрылтай депутаттарына сауалына орай ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды бес жылдық мерзімге қаржыландыру мәселесіне қатысты түсініктеме берді.
- «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңның 34-бабына сәйкес, ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға арналған шарт ғылыми және (немесе) ғылымитехникалық қызметтің аккредиттелген субъектісі немесе дербес білім беру ұйымы және оның ұйымдары мен уәкілетті орган және (немесе) салалық уәкілетті орган не уәкілетті орган айқындаған, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыратын заңды тұлғалар арасында оны іске асырудың бүкіл мерзіміне жасалады. Бірақ ол бес жылдан аспауға тиіс. Осыған байланысты, ғылыми, ғылыми-техникалық жобаларды іске асырудың бес жылдық мерзімі заңнамалық тұрғыдан реттелген, - дейді министр.
Оның айтуынша, биыл 24 маусымда «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңға ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды іске асыру мерзімін оларды іске асыруға арналған шарт жасалған күннен бастап есептеу және күнтізбелік жоспар іс-шараларын орындаудың бүкіл кезеңін қамту бөлігінде өзгерістер енгізілді. Осылайша, ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға арналған шығыстарды жоспарлау төрт жылға жүзеге асырылатын болады.
- Заңның салыстырмалы түрде жақында қабылданғанын ескере отырып, ғылыми жобаларды іске асыру мерзімін шарт жасалған күннен бастап есептеу жөніндегі нормалардың іс жүзінде қолданылуын, оларды қолдану тетіктерін, сондай-ақ тиісті шығыстарды жоспарлау мен орындауды бағалау осы ережелерді қолдану практикасының қорытындыларын шығаруды, сондай-ақ олардың тиімділігі мен іске асырылуына талдау және мониторинг жүргізуді талап етеді. Осыған байланысты, ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды бес жылдық кезеңге іс жүзінде іске асыру мәселесін ғылыми жобаларды іске асыру мерзімін шарт жасалған күннен бастап есептеуді көздейтін Заң нормаларын іске асыру қорытындылары шығарылғаннан кейін қарастыруды орынды деп санаймыз. Бұл ретте, ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды басымдықтары мен кезектілігін ескере отырып, кезең-кезеңімен бес жылдық кезеңге іске асыру мүмкіндігі жоққа шығарылмайды, - деді Мәди Тәкиев.
Айта кетейік, Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова ғылымды қаржыландыру мерзімін ұзартуға қатысты Ғылым және жоғары білім мен Қаржы министрлеріне сауал жолдаған еді.