Ғимарат құрылысы барысында кәсіби жауапкершілік күшейтіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Ғимарат құрылысы барысында кәсіби жауапкершілік күшейтіледі. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков айтты.
— Құрылыс кодексінде жоба сатысында кәсіби жауапкершілікті арттыруды сертификаттау арқылы қарастырамыз. Нысанды пайдалануға қабылдау сатысында біз мемлекеттік құрылыс инспекторларының нысанда болуын міндеттеуді енгіземіз. Бұл құрылыс сапасын растау үшін жасалады. Пайдалану сатысында объектіні пайдалану талаптарын қалай белгілеу тетігін әзірлейміз. Сонымен қатар, кепілдік мерзімін ұлғайту қарастырылуда. Бұрын салалық нысандар үшін кепілдік мерзімі 2 жылдан бастап болатын. Ал Құрылыс кодексінде бұл мерзім 5 жыл және одан жоғары болуы қарастырылған, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның айтуынша, қасбет кірпіші құлап, фельдшер қазақ болған үй осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген.
— Сондықтан пайдаланылатын нысандар, олардың күтіліп ұсталуы мен қауіпсіздігі баланс ұстаушы тарапынан қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл тұрғын үйлерге, қоғамдық ғимараттарға және коммерциялық нысандарға қатысты. Мүлік иелері бірлестігі міндетті түрде мүлікті күтіп ұстауы тиіс. Аталған жағдайда қоршау материалдары мен конструкциялары оларды қауіпсіз пайдаланатындай күйде болуы қажет, — деді Бақытжан Жүнісбеков.
Естеріңізге сала кетсек, 8 қарашада елордада тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысының бөлігі құлап, салдарынан 5 адам зардап шекті. Зардап шеккендердің бәрі № 1 көпсалалы ауруханаға жеткізілді.
18 қарашада жарақат алғандардың бірі фельдшер Ұлдана Мырзуан көз жұмды.