Голан биіктігі жайлы не білеміз

АСТАНА. KAZINFORM – Парламент палаталарының бірлескен отырысында Таяу Шығыс пен Оңтүстік Судандағы БҰҰ миссияларына қатысу үшін қазақстандық әскерилерді жіберу туралы шешім мақұлданды.

Глан биіктігі
Фото: wikipedia.org

Қазақстандық бітімгерлер баратын орындардың бірі - Голан биіктігі. Голан биіктігі дегеніміз не, ол кімге тиесілі және бүгінгі мәртебесі қандай? Бұл жайында Kazinform тілшісінің материалынан оқыңыздар.

Таяу Шығыстағы даулы аймақ

Голан биіктігі - бұл стратегиялық және саяси маңызы бар Таяу Шығыстағы даулы аймақ. Оның көп бөлігін Израиль басып алған, ал шығыс бөлігі Сирияға тиесілі. Екі ел де жарты ғасырдан астам уақыт бойы осы аймақ үшін қақтығысып келеді. Аумақ солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жатыр және теңіз деңгейінен мың метрден астам биіктіктегі 1,8 мың шаршы шақырымдық вулкандық таулы үстірт болып саналады.

Географиялық шекаралары туралы айтатын болсақ, Голанның батысы Иордан өзені мен Тивериад көлімен шектеледі (Израильде оны Галилея теңізі немесе Кинерет көлі деп те атайды. ред.), ал солтүстігінде - арабтар Джабаль аш-Шейх, ал израильдіктер Хермон деп атайтын тау бар. Оңтүстігіндегі табиғи шекара Ярмук өзені, ал шығысында оның маусымдық тармағы Вади ар – Руккад.

Тарихы мен мәртебесі

Голан биіктігі туралы айтатын болсақ, онда даулы аумақтың бүгінгі кво мәртебеге әкелген тарихи оқиғаларды түсіну қажет. Израильде еврейлер Киелі кітаптан бастап, Голан биіктігін мекендеген деп санайды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан соң және Осман империясы ыдырағаннан кейін Голан биіктігі Ұлыбританияның Палестина мандатына енгізілді. 1920 жылы Голан француз армиясының оккупациясынан соң патшалық құлағанға дейін Сирия Араб Корольдігі территориясының бөлігі болды. 1922 жылы Санремо конференциясында Ұлттар Лигасы бұрынғы Осман уәлаятын Ұлыбритания мен Франция арасында бөлді. Ұлыбритания қазіргі Иордания аумағын қамтитын Палестинаның тарихи аймағын, ал Франция Сирия мен Ливанның қазіргі аумағын алды. Бұл конференцияда мандатты аумақтардың нақты шекаралары белгіленбеген.

Кейінірек Голанның басым бөлігі Францияның мүдделі аймағына кірді және француз мандаты 1943 жылға дейін қолданыста болды. 1944 жылы Сирия өзінің тәуелсіздігін жариялады, ал Голан биіктігінің аумағы Сирияның Кунейтра провинциясының құрамына кірді. Голандықтар Сирияда қалуы мүмкін еді. Бірақ төрт жылдан кейін Палестинадағы еврей қауымдастығы Ұлттар лигасы берген Британдық мандат аяқталуына бір күн қалғанда тәуелсіз еврей мемлекетінің құрылғанын жариялады. Келесі күні жеті араб мемлекеті жаңадан құрылған Израиль мемлекетіне шабуыл жасап, бірінші араб-израиль соғысын бастады. Оның қорытындысында сириялықтар Голанда артиллериялық позицияларын құрып, содан кейін Израиль аумағына оқ жаудырды. Айта кету керек, сол жылдары 116 мың Голан халқының 80 пайызы арабтар болды

Содан кейін 1967 жылғы «алты күндік соғыс» деген атаумен танымал араб-израиль соғысы кезінде Израиль Голан биіктігінің үштен екісінен астамын басып алды. Басып алынған аумақ Израиль әскери Әкімшілігінің қарауына берілді, ал Голандар Израильдің байланыс және қаржы жүйесіне біріктірілді.

Сол кезде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі «Израиль Қарулы Күштерін соңғы қақтығыс кезінде басып алынған аумақтардан шығаруға» шақырған 242-қарар қабылдады. Бүгінгі күнге дейін оккупациямен келіспейтін көптеген елдер БҰҰ-ның осы қарарына сілтеме жасайды. «Алты күндік соғыстан» кейін бірте-бірте Голанның араб халқы бұл аумақты тастап кете бастады. Нәтижесінде тек 6,5 мыңға жуық Сирия азаматы, көбінесе сириялық друздар қалды.

Израильде «Ақырет күні соғысы» деп аталатын 1973 жылғы келесі араб-израиль соғысы Араб әскерлерінің айырылып қалған территорияларды қайтарып алуға үміт отын оятты. Сирия Голан биіктігін қайтаруға тырысты. Израиль күштерінің ауыр шығынға ұшырағанына қарамастан, араб мемлекеттері кенеттен шабуылын тоқтатып, жеңіліске ұшырады. Сирия мен Израиль 1974 жылы бітімге қол қойды. Сол жылдан бастап БҰҰ бақылаушыларының күші атысты тоқтату сызығында жұмыс істеп келеді. Осылайша, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 350-қарар қабылдады. Оған сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлінуді бақылау күштері (СООННР) құрылды. Осыдан кейін аталған күштің мандаты әр алты ай сайын ұзартылды.

Шын мәнінде Голан биіктігі 1967 жылдан бастап Израильге тиесілі болды. Бірақ, Израиль бұл аумақты заңды түрде 1981 жылы ғана мойындады. 1981 жылы желтоқсанда Израиль заң шығарушы органы – Кнессет Голан биіктігі туралы заң қабылдады. Онда Израильдің басып алынған территорияға егемендігі біржақты түрде жарияланды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі аннексияны жарамсыз деп таныды.

Қазіргі уақытта Сирия Израиль мемлекетінің өмір сүру құқығын мойындамайды. Өз кезегінде Израиль Сирияны жау деп санайды және өз азаматтарына осы елге баруға тыйым салады. Халықаралық деңгейде Дамаск Израильге бойкот жариялауды жалғастыруда. 1990 жылдары бейбіт жолмен реттеу әрекеттері бірнеше Израиль үкіметтері тарапынан болып, Сирияның бұрынғы президенті Хафез Асадпен келіссөздер жүргізген еді. Таралған пікірлерге қарағанда, 1997-1998 жылдары Израиль мен Сирия арасында жасырын келіссөздер жүргізілген. Сирия президентіне Голан биіктігін қайтару үшін Израильмен дипломатиялық қарым-қатынас орнату ұсынылған. Хафез Асад еврей мемлекетін мойындаудан және мәміле жасаудан бас тартты.

Келесі бір пікірлерге қарағанда, 1995 жылы қарашада Израиль премьер-министрі Ицхак Рабин өлтірілгеннен кейін саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты сириялықтарға биіктікті беру орын алмады. Хафез Асад сол кезде Рабиннің өлімін «бүкіл Таяу Шығыс үшін қайғылы оқиға» деп атады.

2006 жылдың тамызында Израильдің экс-президенті Шимон Перес «егер Сирияның қазіргі президенті Башар Асадтың әкесі Хафез Асад 1979 жылы Кемп-Дэвидтегі бейбіт келіссөздерде Мысыр президенті Анвар Садатпен серіктес болғанда, онда Голан биіктігі Мысырға Синай түбегін қайтарған сияқты Сирияға әлдеқашан қайтарылған болар еді» деп мойындады.

Сирия бейбіт келісімі аясында Голан биіктігін қайтарғысы келеді. 2003 жылдың соңында Сирия президенті Башар Асад Израильмен бейбіт келіссөздерді қайта бастауға дайын екенін мәлімдеді.

Голан биіктігіне іс жүзінде кім иелік етеді

Қазіргі уақытта Голан биіктігі үш бөлікке бөлінген. Сирияның бақылауындағы Шығыстағы тар жолақты қоспағанда, олардың бүкіл аумағын Израиль басқарады. Ол солтүстіктен оңтүстікке қарай 71 шақырымға және ең енді нүктесінде шығыстан батысқа қарай шамамен 43 шақырымға созылып жатыр.

Олардың арасында ажырату аймағы орналасқан - ұзындығы 75 шақырымнан асатын және ені 200 м-ден 10 шақырымға дейінгі тар учаске - СООННР орналасу аймағы. Ажырату аймағының екі жағында Израиль мен Сирия қарулы күштер мен қару-жарақ санында белгіленген шектеуді ұстануы тиіс шектеу аймақтары бар. Бүгінде Израиль басып алған Голан биіктігінде 30-дан астам Израиль қонысы бар, оларда 20 мыңға жуық адам тұрады. Олармен бірге Голанда 17 мыңға жуық сириялықтар тұрады, олардың саны табиғи өсіммен артты және Израиль үкіметінің Сирия друздарының Голандағы отбасыларымен бірігуін ынталандырды.

Голанның Израиль бақылауындағы бөлігінің әкімшілік орталығы - Катцрин қаласы. Сирияның Голан әкімшілік орталығы - әл-Кунейтра қаласы. Ол 1973 жылғы соғыс кезінде жойылған. Бүгінде ол БҰҰ бақылайтын Израиль мен Сирия шекарасы арасындағы бейтарап демилитаризацияланған белдеуде.

Голан биіктігі не үшін маңызды

Голан әскери маңызды стратегиялық аумақ саналады. Үстірт керемет қорғаныс шебін құрайды. Өйткені, таулы аймақ Сирияның кез-келген жердегі әскери соққысына қарсы табиғи буферді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, биіктік Израильге Сириядағы әскерлердің қозғалысын бақылау үшін тамаша мүмкіндік береді.

Биіктік сонымен қатар құрғақ аймақ үшін негізгі су көзі болып табылады. Себебі жақсы дамыған гидрогеографиялық желіге ие. Жауын-шашын кезінде пайда болған көптеген өзендер мен бұлақтар Иордан өзеніне және Израиль үшін ауыз судың маңызды көзі саналатын Тивериад көліне құяды.

2015 жылы Голан биіктігінде әлеуетті көлемі 1 млрд баррельден асатын мұнай кен орны ашылды. Мұнда жағымды климат бар, жанартау топырағы жүзімдіктер мен бақтарды, сондай-ақ мал өсіру үшін қолайлы. Табиғат пен ежелгі ескерткіштер туристерді қызықтырады. Голан сонымен қатар Израильдегі жалғыз тау шаңғысы курортының орны саналады.

Соңғы жаңалықтар