Голан жотасында отандық «Арлан» әскери техникасы сынақтан өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қорғаныс министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауабында Қазақстанның тұңғыш дербес бітімгерлік контингенті сапында Таяу Шығыстың Голан жотасына қандай әскери техника апарылатынын мәлім етті.

техника
Фото: Kazinform

«Контингент техникасының саны – 26 дана. Оның ішінде 15 дана «Арлан» жауынгерлік дөңгелекті көліктері, 4 дана «Камаз» әскери-тасымалдау көлігі, 6 дана өтімділігі жоғары «Тойота Пикап» көлігі, 1 шағын автобус (тек контингенттің орналасу лагерінде қолданылады)», - делінген жауапта.

Бұған дейін Голан жотасына бітімгерлік контингент жолдау бюджетке қанша салмақ түсіретіні айтылған.

«Аталған сома – Қазақстан бітімгершілік контингентін Қазақстан аумағынан БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі миссиясына тасымалдау үшін бөлінетін қаражат. Осы тасымалдауды ұйымдастыруға қатысты әртүрлі мүмкіндіктерді ескере отырып (компанияның ұсынатын қызметтері, қолданатын ұшақтың түрлері, шығатын әуежайдың орналасуы) 8 млн АҚШ долларына дейінгі қаражат болады. Келіссөздер жүргізіліп жатыр, сома нақтыланады. Бұл сома толығымен тасымалдауға жұмсалатын болады», - деп жазылған министрлік мәліметінде.

Еске салайық, 19 қаңтар күні Парламент қазақстандық әскерилердің БҰҰ миссияларына қатысу туралы Жолдауын мақұлдады

Аталған ұсыныс бойынша, Қазақстанның тұңғыш дербес бітімгерлік контингенті мына нысандарға:

• Бірінші — Голан жотасында бөліну процестерін бақылау күштеріне;
• Екінші — бітімге келу шарттарының орындалуын байқау органына;
• Үшінші — Оңтүстік Судан Республикасындағы миссияға;
• Төртінші — әуедегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету уақытша күштеріне қатысу үшін жалпы саны 430 адамнан аспайтын контингентті жіберу көзделіп отыр.

Соңғы жаңалықтар