Головкин - Альварес жекпе-жегі қандай елдерде көрсетіледі
Қазақстандық боксшы WBA (Super), WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы белбеулерін тігіп отыр, Альварес болса - The Ring журналының тұжырымы бойынша желілік чемпион атағын.
АҚШ-та (НВО), Ұлыбританияда (Box Nation) және Австралияда (Foxtel TV) жекпе-жек ақылы трансляциялар жүйесінде (pay-per-view) көрсетілетін болады. Сондай-ақ трансляция Мексикада (Televisa және TV Azteca), Оңтүстік Африка Республикасында (SuperSport), Испанияда (beIN Sports), Францияда (SFR Sport және Canal+) және Германияда (DAZN - ақылы) жүреді. Бокс кеші Ресей, Украина және Беларусь елдері аумағында көрсетілмейді. Ресейлік промоутер Владимир Хрюнов мұны боксшыларды пираттық трансляциялардан қорғап қалу ниеттерімен түсіндірді. Бұл туралы Sport.kz сайты хабарлады.
Қазақстанда Головкин-Альварес жекпе-жегін «Qazsport» және «Qazaqstan» арналары көрсетеді. Басталуы - астана уақытымен 08.50-де. Бұған дейін хабарлағанымыздай, боксшының қарағандылық жерлестері айқасты бірнеше жерде орнатылғанүлкен ЛЭД-экрандардан көре алады.
Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық және шетелдік журналистермен кездесу барысында Геннадий Головкиннің жеңіске жететіндігіне сенім білдіріп, жекпе-жекті теледидар алдында қазақстандықтармен бірге тамашалайтынын атап өткен болатын.
Еске салайық, жуырда Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) GGG-«Канело» жекпе-жегінің жеңімпазына арналған арнайы белдікті таныстырды . Белдікте 16 қыркүйек датасы ойылып жазылған, сондай-ақ екі жағында Қазақстан және Мексиканың мемлекеттік Тулары бейнеленген.