Головкин-Джейкобс жекпе-жегін қазақстандықтар тікелей эфирден көре алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 19 наурызда Нью-Йорк қаласындағы «Мэдисон Сквер Гарден» кешенінде WBA (Super), IBO, WBC және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы Әлем чемпионы, қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин  (36-0, 33 КО) мен WBA нұсқасы бойынша Әлем чемпионы, америкалық боксшы Дэниел Джейкобс (32-1, 29 КО) арасында жекпе-жек өтеді.

Отандасымыздың бұл жекпе-жегін «Қазақстан» және «Kazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Трансляция сағат 08:00-де басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бокстағы карьерасында бірде-бір жеңіліп көрмеген Геннадий Головкин шаршы алаңда 36 жекпе-жек өткізіп, оның 33-ін нокаутпен аяқтаған. Жерлесіміз  2014 жылдың маусымынан бастап WBA нұсқасы бойынша суперчемпион, 2011 жылдан бастап IBO нұсқасы бойынша  Әлем чемпионы, 2015 жылдан бастап IBF нұсқасы бойынша  Әлем чемпионы титулдарына ие. Былтыр Сауль «Канело» Альварес онымен жекпе-жек өткізуден бас тартқаннан кейін Головкин WBC нұсқасы бойынша  Әлем чемпионы атанған еді.

Қарсыласы Дэниел Джейкобс - орта салмақ дәрежесіндегі WBA нұсқасы бойынша Әлем чемпионы (2014 жылдан бастап) және NABF нұсқасы бойынша Солтүстік Америка чемпионы (2010). Кәсіби рингте 33 жекпе-жек өткізіп, тек бір рет қана жеңілістің ащы дәмін татып көрген. Америкалық боксшыны ресейлік Дмитрий Пирог нокаутқа жіберген болатын.

19 наурызда көрсетілетін жекпе-жек  Геннадий Головкиннің WBA (Super) нұсқасы бойынша суперчемпион титулын 17-ші рет қорғауы болмақ. Қазіргі уақытта боксшылар бірнеше айға созылған дайындықтарын пысықтап, жекпе-жекті күтуде.

Соңғы жаңалықтар