Головкин «Канеломен» үшінші айқас үшін қанша гонорар алады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин Мексика өкілі Сауль «Канело» Альвареспен өткізген үшінші жекпе-жегі үшін қанша гонорар алатыны белгілі болды. ҚазАқпарат бұл туралы Sports.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Головкин «Канеломен» үшінші айқас үшін қанша гонорар алады

Астана уақытымен бүгін таңертең Головкин Лас-Вегас қаласында (АҚШ) төрешілердің бірауызды шешімімен Альварестен жеңіліс тапты. Боксшылар «Канелоға» тиесілі WBO, WBA, WBC және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы титулдары үшін таласқан болатын.

Sportskeeda веб-сайты Boxing Scene-қа сілтеме жасап хабарлағандай, мексика боксшысына үшінші айқас үшін кепілді түрде 45 млн доллар уәде етілген. Ал Геннадий Головкиннің кепілді гонорары 20 млн долларды құрайды. Бұдан бөлек, екі боксшы да «pay-per-view» ақылы көрсетілімнен түскен табыстың бір бөлігін алады.

Айта кетейік, бүгін Сауль Альварестен екінші рет жеңілген Головкин кәсіпқой бокстан әлі кетпейтінін мәлімдеді.

Жекпе-жектен кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық боксшыға қоңырау шалып, қолдау білдірді.

Өз кезегінде Генадий Головкин де барша Қазақстан жұртына алғыс айтты.