Головкинді айқасқа шақырған Келл Брук, қарсыласы Кевин Бизьені нокаутқа түсірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - IBF нұсқасы бойынша жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы британдық боксшы Келл Брук (36-0, 25 КО) өз титулын сәтті қорғады.
Шеффилдте (Ұлыбритания) Sheffield Arenaда өткен басты айқаста 29 жастағы Келл Брук 31-дегі канадалық Кевин Бизьемен (25-3, 17 КО) кездесті. Жекпе-жек екінші раундта британдықтың жеңісімен аяқталды. Ол қарсыласын сұлатып салды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын Брук WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинмен (34-0, 31 КО) айқасқа дайын екендігін мәлімдеген болатын. Бұл үшін ол салмағын көтеруге де әзір.