Головкинді нокаутпен жеңгім келеді - «Канело»
АСТАНА. ҚазАқпарат - Екі салмақ дәрежесі бойынша бұрынғы әлем чемпионы мексикалық Сауль «Канело» Альварес орта салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкинді нокаутпен жеңгісі келетіндігін мәлім етті.
«Айқастың Лас-Вегаста өтетіндігі мен үшін артықшылық бола ала ма? Олай деп ойламаймын. Өйткені, Головкин тәжірибелі боксшы. Головкиннің командасы менің соққыларымның күшін бағаламайды деп ойламаймын. Бокста бәрі де болады. Әсіресе қарсыластарының бәрін де нокаутқа түсіріп жүрген екі жігіт туралы әңгіме қозғалып отырғанда. Әрине, мен Головкинді нокаутпен жеңгім келеді», - деді Сауль Альварес Fansided.com-ге берген сұхбатында.
«Головкиннің әлсіз тұстары бар, біз соған бағыттап жұмыс жасап жатырмыз. 16 қыркүйек күні бұл құпияны ашатын боламыз», - деді «Канело».
Айта кетейік, Головкин-Альварес жекпе-жегі 16 қыркүйек күні Лас-Вегастағы 20 мың адамдық T-Mobile аренасында өтеді.