Головкиннің жаңа бапкері оның бокстан қашан кететіндігіне қатысты айтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Геннадий Головкиннің бапкері Джонатон Бэнкс қазақстандық боксшының келешегіне қатысты бірқатар болжамдарға нүкте қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
None
None

«Головкин орта салмақ санатында қалады. Одан жоғарылаудың қажеті жоқ - ол нағыз орта салмақ боксшысы. Оған қазіргі орнында жайлы», - деді ол.

Ал GGG-дің кәсіпқой бокста қанша уақыты қалғаны туралы сұраққа: «Көзіммен көргенім бойынша айтар болса, әлі айтарлықтай көп уақыт бар. Қазір ол нағыз бабында», - деп жауап қайырды.

Қазақстандық спортшы бұрынғы бапкері мексикалық Абель Санчеспен жұмысын тоқтатқаны туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

Орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) алдағы 8 маусымда Нью-Йорктегі (АҚШ) Madison Square Garden аренасында 35 жастағы канадалық боксшы Стив Роллспен (19-0, 10 КО) кездеседі. Ол соңғы жекпе-жегін 2018 жылдың 15 қыркүйегінде өткізіп, төрешілердің басым шешімімен мексикалық Сауль Альварестен (51-1-2, 34 КО) жеңіліп қалды.

Роллс соңғы рет 15 желтоқсанда рингке шығып, төрешілердің шешімімен америкалық Кеандр Лезервудты (21-6-1, 13 КО) жеңген еді. Ол осы уақытқа дейін бірде-бір рет жеңілмеген. 19 жекпе-жекті 10 рет нокаутпен аяқтаған.

Соңғы жаңалықтар