Гонконг стейблкойндар нарығын ашпақ
АСТАНА. KAZINFORM – 1 тамыздан бастап Гонконгте стейблкойндар туралы заң күшіне енеді. Оларға осы кездің өзінде Қытайдың жетекші IT-компаниялары қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды China Daily.

Қытайдың құрлықтық бөлігінен 40-тан астам технологиялық және қаржылық компания фиат валюталарымен қамтамасыз етілген стейблкойндарды шығару үшін лицензия алуға өтініш беруге дайындалып жатыр. Алайда Гонконгтің реттеуші органы оннан артық рұқсат бермеуді көздеп отыр.
Электрондық коммерция нарығындағы жетекші компаниялардың бірі — JD.com өз токендерін Гонконг долларына байланған өзге де негізгі валюталарды шығару үшін жергілікті құрылымы — Jingdong Coinlink Technology Hong Kong-ты пайдалануды жоспарлап отыр.
Компанияның есептеуінше, бұл трансшекаралық аударымдар бойынша шығындарды 90 пайызға дейін қысқартып, есеп айырысуларды 10 секунд ішінде аяқтауға мүмкіндік береді.
Үміткерлердің қатарында онлайн төлемдер саласындағы жаһандық көшбасшылардың бірі — Ant Group-тың еншілес ұйымы Ant Digital Technologies те бар. Компания қазіргі уақытта реттеуші органдармен келіссөздер жүргізіп, блокчейн мен стейблкойндар негізінде ғаламдық есеп айырысу платформасын әзірлеп жатыр.
Компания стейблкойндардың дәстүрлі қаржы мен цифрлық активтер арасындағы байланыстырушы буын ретінде жоғары нарықтық әлеуетке ие екенін атап өтуде. Ant цифрлық сауда экожүйесін қалыптастырып, озық технологиялар негізінде инновациялық қаржы құралдарын ілгерілетуді жоспарлап отыр.
Botong Analysys консалтингтік компаниясының аға сарапшысы Ван Пэнбоның айтуынша, қытайлық технологиялық алыптардың белсенділігі стейблкойндардың трансшекаралық төлемдер мен жабдықтау тізбегін қаржыландырудағы болашақ рөліне деген сенімін көрсетеді.
Жаңа заңнамаға сәйкес, лицензияны тек ірі, қаржылық тұрғыдан тұрақты, резервтер, капитал және сәйкестік талаптарына (комплаенске) жоғары деңгейде сай келетін компаниялар ғана ала алады. Бұл заң цифрлық активтермен операциялардың ашықтығын, сенімділігін және тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Осыған дейін Ұлттық банктің крипто-карта және цифрлық активтер бойынша пилоттық жобаларды бастағаны туралы жаздық.