Гонконг тұмауы: дәріханаларда вирусқа қарсы препараттар тапшылығы бар
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанда маусымдық тұмаудың асқынған түрі тарап, әсіресе балалар арасында аурушаңдық өсіп отыр. Денсаулық сақтау министрлігі жағдайға байланысты арнайы брифинг өткізіп, ел арасында «Гонконг тұмауы» деп аталып кеткен вирусқа қатысты түсініктеме берді, деп мәлімдеді Jibek Joly телеарнасының «Жаңа уақыт» бағдарламасы.
Ведомствоның мәліметінше, бұл — қалыпты тұмаудың асқынған түрі, ал ел бойынша аталған вирусты жұқтырғандар саны көп емес. Соңғы жеті күнде елде тұмаудың ауыр түрін жұқтырғандар саны 200 мыңға жуықтаған.
Мамандардың айтуынша, Гонконг вирусының ерекшелігі — дене қызуы күрт көтеріліп, апталап түспей қояды, құрғақ жөтел, тамақтың ауыруы, аяқ-қолдың сырқырауы, тершеңдіктің басылмауы, сондай-ақ бастың қатты ауруы. Ауруханаларға дәл осындай белгілермен келіп жатқан балалар саны күрт артқан. Бірқатар медициналық ұйымдарда орын тапшылығы сезілуде.
Қазір вирусқа қарсы дәрі ретінде дәрігерлер флукап және флувир препараттарын ұсынып отыр. Алайда оларды табу қиынға соғады. Тұрғындардың айтуынша, көптеген күндіз-түні жұмыс істейтін дәріханаларда бұл дәрілер жоқ.
Алматы тұрғыны Назым Қорғанова дәріні таба алмағаннан кейін, басқа қаладағы дәріханаларға хабарласуға мәжбүр болғанын айтты.
— Астанадағы барлық тәулік бойы жұмыс істейтін дәріханаларға хабарластым, еш жерде жоқ. Сосын Павлодардағы бес дәріханаға қоңырау шалдым. Солардың бірінен ғана екі қаптамасын әрең таптым. Педиатр алғашқы екі күнде берсе, жақсы әсер етеді деді. Шынымен, келесі күні қызуы көтерілген жоқ, — деді ол.
Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов препарат тапшылығы бар екенін растады.
— Бізде дәрінің жалпы екі айлық қоры бар. Бірақ флукап пен флувирге сұраныс соңғы уақытта бірден артты. Ірі дәріханалармен және дистрибьюторлармен сөйлестік. Бүгін-ертең үлкен көлемде дәрі жеткізіледі. Қазірдің өзінде кейбір желілер флувирдің 200, флукаптың 400 қаптамасын сатылымға шығарды, — деді ол.
Брифинг барысында министрлік өкілдері алыпсатарлардың әрекеті де тапшылыққа себеп болуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Үкімет осы мәселені бақылауға алғанын мәлімдеді.
Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жағдайға тоқталып, елде вирусқа қарсы және қызу түсіретін препараттардың, жеке қорғаныш құралдарының, дезинфекциялық заттардың жеткілікті қоры бар екенін айтты.
— Қажетті препараттар толық көлемде қамтамасыз етіледі, — деді министр.
Мамандардың болжамынша, тұмаудың таралу қарқыны желтоқсан айының ортасында бәсеңдей бастайды.
Қауіпсіздік мақсатында елдегі 7 өңірдің 132 мектебі уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Ал офлайн режимде жұмыс істеп тұрған мектептерде балалардың температурасын күн сайын өлшеу, қосымша дезинфекция жүргізу талаптары күшейтілді.
Айта кетейік, инфекционист балалар арасында тұмау неге ауыр жүріп жатқанын түсіндірді.