Гонконгтағы қазақстандық суретшінің жеке көрмесі ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Гонконгтағы Мұра өнері және тоқыма орталығында қазақстандық суретші Гүлнұр Мұқажанованың «Жан жасауы» атты жеке көрмесі ашылды. Жоба Орталық Азия мәдениетіндегі тоқыма өнерінің рөлі мен рухани мәніне арналған. 

а
Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

Бұл туралы суретші Гүлнұр Мұқажанова Jibek Joly арнасындағы «Бүгін live» бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді.

— Туындыларым тізіліп тұрған көрмеме «Жан жасауы» деген ат қойдым. Жасау — тек заттық дүние емес, ол ата-бабадан мирас болып қалған ішкі рухани қазына. Мен үшін жан — біздің тамырымыз, тарихи жадымыз, ұлттық болмысымыз. Дәстүрлі түсінікте жасау көбіне тұрмыс құрумен, салт-дәстүрмен байланыстырылады. Алайда мен бұл ұғымды кеңірек аяда, мәдени мұра мен рухани байлықтың жалғасы ретінде қарастырамын. Қазір ата-бабадан жеткен мұра бүгінгі қоғамға қалай әсер етеді? Ол жас буынның дүниетанымына қандай ықпал жасайды? Менің өнерім — осы сұрақтарға жауап іздеуден туған туындылар, — дейді ол.

Гүлнұр Мұқажанова
Фото: видеодан алынған скрин

Автор туындыларының басым бөлігі жүн, жібек және вискозадан жасалған. Сонымен қатар экспозицияда киізге айрықша мән берілген. Суретшінің жеке топтамасындағы винтаж маталар да көрермен назарына ұсынылды. Оның айтуынша, дәстүрлі материалдарды заманауи тәсілмен ұштастыру тарих пен бүгінгі уақыт арасындағы сабақтастықты тереңірек тануға мүмкіндік береді.

— Қай жерде жүрсем де, қазақ өнерін әлемге танытуды өзіме мақсат етемін. Ұлтымыздың мәдени ерекшеліктерін заманауи өнер тілі арқылы көрсетуге ұмтыламын. Қазақстанда киіз көбіне тұрмыстық бұйым, жерге төселетін текемет ретінде танылған. Бірақ мен оны жаңа кеңістікте, жаңа мазмұнда көрсеткім келді. Одан бөлек, көрмеде Гонконг пен Қытайда өндірілетін маталарды пайдаланып, жаңа туындылар жасадым. Бұл жұмысымда тарихи сабақтастықты негізге алдым. Ұлы Жібек жолы керуендері арқылы сан алуан асыл маталар біздің далаға жеткені белгілі. Ата-бабаларымыз сол маталардан киім-кешек тігіп, тұрмыста кеңінен қолданған. Мен сол уақыт өте ұмыт қалған маталарды қайта зерделеп, олардан арнайы топтамалар әзірледім, — дейді суретші.

Осы тұста Гүлнұр Мұқажанова көрмедегі киізден жасалған жұмыстарға шетелдік көрерменнің ерекше баға бергенін атап өтті.

— Бұл көрме ауқымды әрі мазмұнды жоба болды. Наурыз айына дейін жалғасады. Гонконг жұртшылығы тарапынан ерекше қызығушылық байқалады. Орталық Азия өнері олар үшін бейтаныс болғандықтан, мәдениетіміз де көпшілікке таңсық еді. Сол себепті ұсынылған әр туынды жаңалық ретінде қабылданды. Тіпті киізді алғаш рет көрген жандар да болды, — дейді автор.

Суретші қазіргі таңда Германияда білімін жетілдіріп жүр. Сонымен қатар жаңа туындыларын әзірлеп, алдағы уақытта тағы көрмелер ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын айтты.

— Сурет салумен мен кішкентай кезімнен айналысамын. Өнерге деген алғашқы қадамымды үлкен әпкемнің қолдауымен бастадым. Сол кісінің үйретуі мен жігерлендіруінің арқасында бұл жолды саналы түрде таңдадым. Алдымен Қарағандыдағы академик Е.А. Бөкетов атындағы университетте білім алдым, кейін Алматыдағы өнер академиясында оқуымды жалғастырдым. Қазір Германияда тұрамын осы жақта магистратура тәмамдадым, — дейді Гүлнұр Мұқажанова.

Айта кетейік, жақында Алматыда алғаш рет әлемдегі ең ірі IT-көрмелердің бірі өтеді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум