Гонконгтағы өрт: үш құрылысшы қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM — Гонконгтың Тай По ауданындағы «Ван Фук Корт» тұрғын үй кешеніндегі өрт әлі сөнген жоқ. Тілсіз жаудан мерт болғандардың саны 44-ке жетті, деп хабарлайды Reuters.
Өрт сөндірушілер түннен бері жұмыс істеп жатыр. Бірақ қатты ыстық пен қою түтін 32 қабатты мұнаралардың жоғарғы қабаттарына шығуды қиындатты.
Полиция төрт көпқабатты үйдегі өрттің ауыздықталғанын хабарлады. Билік бұған дейін өрт 7 ғимаратты шарпығанын хабарлаған болатын.
Құзырлы органдар ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылыс компаниясының үш азаматын қамауға алды.
Мамандардың айтуынша, бұл 1962 жылдан бері қаладағы ең жойқын өрт болды. Сол жылдың 2 тамызында Коулунның Шам Шуй По ауданында болған өртте 44 адам көз жұмған. Ал 1948 жылдың 22 қыркүйегінде Wing On қоймасында өрт шығып, 176 адам қаза тапқан болатын. Гонконг тарихындағы ең үлкен өрт 1918 жылы Happy Valley ипподромында болды. Онда 600-ден астам адам мерт болды.
Айта кетейік, Гонконгтегі өрттен зардап шеккен 7 адамның жағдайы ауыр. Билік өрттің тез таралуын «қалыптан тыс» деп атап, оның себебін анықтау үшін қылмыстық тергеу жүргізетінін хабарлады.