Гонконгте алғаш рет чикунгунья безгегі тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — Гонконгте чикунгунья безгегінің жергілікті жұқтыру дерегі алғаш рет анықталды. Бұл туралы қаладағы Денсаулық сақтау орталығының басшысы Эдвин Сюй (Сюй Цзяньчжун) хабарлады. Оның айтуынша, науқас анықталған ауданның шамамен 10 мың тұрғыны вирусты жұқтыруы мүмкін. Бұл туралы ТАСС агенттігі жазды.

Гонконгте алғаш рет чикунгунья безгегі  тіркелді
Фото: Белта

— Біз бұл аудандағы 20 тұрғын үйдің барлық тұрғындарын тексеріп жатырмыз. Осы шаралардың арқасында ауру жұқтырған жаңа жағдайларды анықтап, алдағы бір-екі апта ішінде Гонконгтегі тәуекел деңгейін нақты бағалай аламыз деп үміттенеміз, — деді ол RTHK телеарнасына берген сұхбатында.

Сюйдың айтуынша, науқас — 82 жастағы әйел, соңғы айларда Гонконг аумағынан шықпаған. Оның қан үлгісі чикунгунья вирусы бар екенін көрсеткен.

Биылдың өзінде мегаполисте 46 жағдай тіркелген, оның бірі өліммен аяқталған — 77 жастағы ер адам көз жұмған. Бұған дейінгі барлық жағдайлар сырттан әкелінген, яғни вирусты жұқтырғандар материктік Қытай мен Бангладештен келген. Ал бұл жолғы оқиға жергілікті жұқтыру болғандықтан, қалада вирусты таратушы масалардың пайда болғанын білдіреді.

2006 жылдан 2019 жылға дейін Гонконгте чикунгунья безгегінің жекелеген жағдайлары тіркеліп отырған, бірақ олардың барлығы импортталған деп танылған еді.
БАҚ мәліметінше, бұған дейін қалада жергілікті жұқтыру фактілері ресми түрде тіркелмеген.

Бұған дейін Қытайдың оңтүстігінде 3 мыңнан астам адам чикунгунья вирусын жұқтырған болатын.

Соңғы жаңалықтар