Google аңызы Питер Норвиг Қазақстанның батыл қадамын мойындады

Жасанды интеллект саласының әлемге танымал ғалымы, әйгілі Google Research бөлімшесінің бұрынғы басшысы, «Artificial Intelligence: A Modern Approach» оқулығының тең авторы Питер Норвиг Қазақстанның технология, білім беру және ғылым жүйелеріндегі реформаларын жоғары бағалады. Бұл пікірін ол Қазақстан Президенті жанындағы ЖИ (жасанды интеллект) дамыту жөніндегі кеңеске қатысқаннан кейін білдірді.

Google аңызы Питер Норвиг Қазақстанның батыл қадамын мойындады
Фото: Champions Speakers

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Норвиг Қазақстанға Қытайдың атақты кәсіпкері әрі сингапурлық Sinovation Ventures инвестициялық қорының негізін қалаушысы Кай-Фу Ли шақыруымен келген. Кеңес жұмысына әлемдік деңгейдегі сарапшылар, үкімет мүшелері, ғалымдар мен технологтар қатысты.

Питер Норвиг өз сөзінде былай деді:

– Қазақстан – мұнайлы мемлекет. Бірақ бұл ел экономикалық құрылымын жасанды интеллект бағытына батыл бұрып отырған санаулы елдердің бірі. Бұл – тарихи трансформация. Елдің демографиясы жас, жастар технологияға өте ынталы. Білім беру саласына ерекше көңіл бөлінген. Бүгінде Қазақстанда 30-ға жуық шетелдік университеттердің филиалдары жұмыс істейді. Аймақ үшін бұл бірегей көрсеткіш, - деді Норвиг.

Маманның айтуынша, Қазақстан иммиграция саласындағы саясатты дұрыс қолдана білген. Елге шетелдік студенттер ағылып келіп жатыр, ал отандық жастар халықаралық деңгейдегі бағдарламалар арқылы бәсекеге қабілетті маман болып өсуде. Оның пікірінше, мұндай тәсіл кадрлық әлеуетті күшейтуге және технологиялық дамуды жеделдетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ сарапшы Қазақстанның стартап экожүйесіне тоқталды:

– Стартаптарға көбіне венчурлық капитал емес, мемлекеттік гранттар арқылы қолдау көрсетіледі. Бұл – өзге елдерден өзгеше, бірақ тиімді модель. Қазірдің өзінде алғашқы «единорогтар» (бағасы 1 миллиард доллардан асатын стартаптар) пайда бола бастады. Ең бастысы – Үкіметтің ұзақ мерзімді, нақты бағыты бар. Мемлекет қоғамды бұл бағыттың дұрыс екеніне сендіре алды, - деді ол.

Оның пікірінше, Қазақстан билігінің дәйекті саясаты, технологияға деген стратегиялық инвестициясы және ашық диалог орнатуға тырысатын саяси мәдениеті елдегі инновациялық ортаны жедел дамытып келеді.

Айта кетейік, Питер Норвиг – Кремний алқабының символына айналған тұлғалардың бірі. Ол 2000–2012 жылдары Google-дың іздеу жүйесі бойынша жетекші ғылыми-зерттеу жұмыстарын басқарған. Сонымен қатар, Стэнфорд университетінде оқытушы болып қызмет атқарған, NASA-да жасанды интеллект жобаларымен айналысқан. Оның «Artificial Intelligence: A Modern Approach» оқулығы әлемнің 20-дан астам тілінде жарық көріп, 150-ден астам елде оқу бағдарламасына енген.

Қазақстанда соңғы жылдары жасанды интеллект, цифрлық трансформация тақырыптары мемлекеттік деңгейде талқыланып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ЖИ дамыту кеңесі құрылып, елдің экономикалық болашағын технология арқылы күшейту бағытындағы бірқатар құжаттар қабылданды.

Бұған дейін Қазақстан Google Cloud жаһандық желісіндегі өңірлік хабқа айналатынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар