Google-дың жаңа жасанды интеллект құралының жауаптары пайдаланушыларды адастырады

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-та Google-дің қысқа жауаптар жасауға арналған жаңа жасанды интеллект құралының жаңылыстыратын ақпарат беретіндігі мамандардың алаңдаушылығын туғызды, деп жазады Euronews.

Жасанды интеллект
Фото: Copyright AP Photo/Jeff Chiu

Осы айда Google АҚШ-та жаңа ЖИ Overview функциясын іске қосты. Ол қойылған сұрақтарға қысқаша мәлімет береді. Алайда, оның арасында жаңылыстыратын ақпарат беретіні белгілі болды.

Мәселен, Google сұраушылардың біріне «ғарышкерлер Айда мысық кездестірді, олармен ойнады және оларға қамқор болды» деп жауап берген.

Желі қолданушыларының бірі ЖИ Overview күніне бір тас жеуге кеңес беретінін жазса, екіншісі пиццаға желім қосып жеуге кеңес бергенін айтқан.

Нью-Мексикодағы Санта-Фе институтының ЖИ зерттеушісі Мелани Митчелл Google-дан қанша мұсылман АҚШ президенті болғанын сұрағанда, ЖИ Overview сенімді түрде «Америка Құрама Штаттарын бір мұсылман президент басқарды, ол - Барак Хуссейн Обама» деп жауап берген.

ЖИ бұл пікірді тарихшылар жазған академиялық кітаптың тарауына сілтеме жасай отырып айтқан. Алайда кітаптың ешбір тарауында мұндай мәлімдеме болмай шыққан.

Технологиялық алпауыт қателерді түзету үшін «шұғыл шара» қолданып жатқанын айтты. Бірақ көп жағдайда Google жүйенің дұрыс жұмыс істейтінін айтып ақталды.