Google зерттеу директоры Питер Норвиг: Болашақта ЖИ медицина мен биологияға үлкен серпіліс әкеледі

АСТАНА. KAZINFORM – 30 қыркүйек күні Astana Hub технопаркінде Firebase Studio Championship байқауының ақтық кезеңі өтті. Бұл шара Google for Developers және Astana Hub серіктестігімен ұйымдастырылып, онлайн және офлайн форматта қатар өткізілді.

Google зерттеу директоры Питер Норвигпен сұхбат
Фото: Тастан Тоянов

Байқау аясында Google компаниясының зерттеу жөніндегі директоры, әлемге танымал ғалым Питер Норвигпен еркін форматтағы сұхбат ұйымдастырылды. Сұхбатты Google for Startups & Developers бөлімінің жетекшісі Рамеш Чандер жүргізді.

Жиын барысында жас мамандар мен студенттер жасанды интеллект саласының өзекті мәселелері мен болашағына қатысты бірқатар сұрақ қойды.

Питер Норвигтің айтуынша, ЖИ технологияларының нақты өмірде қолдану әлеуеті жоғары салалардың бірі медицина мен биология болып табылады.

– Әрине, бұл бағыттарда елеулі нәтижелер бар, дегенмен, әлі де зерттелмеген, шешімін таппаған мәселелер де жетерлік. Мен осы салаларға үлкен үміт артамын. Себебі терең үйрету әдістері қазіргі биологиялық зерттеулердің негізгі құралдарының біріне айналып отыр, – деді ол.

Google зерттеу директоры Питер Норвигпен сұхбат
Фото: Тастан Тоянов

Қатысушылардың бірі қазіргі ЖИ үлгілерінің негізін қалаған трансформер тәсілінің болашағына қатысты сауал қойды. Норвиг бұл әдістің бір жағынан кездейсоқ табысқа жеткенін, бірақ оның астарында маңызды тұжырым жатқанын атап өтті.

– Трансформердің сәтті болуы біріншіден, есептеу жабдықтарына сай келетіндей етіп ойластырылған құрылым болса, екіншіден өткен деректердің арасынан маңыздысын іріктей білуді мақсат еткен «назар аудару» тетігінің арқасы, – деді ол.

Ғалымның айтуынша, болашақта жаңа техникалық құралдар пайда болуына байланысты трансформерді алмастыратын жаңа жүйелер туындауы мүмкін. Бірақ олардың бәрі бір қағидатқа сүйенеді: бұрынғы тәжірибеге қарап, қазіргі шешім қабылдау.

– Шынын айтсам, трансформер тәсілі осыншалықты ұзақ уақыт бойы үстем болады деп күтпеген едім, – деді Норвиг.

Сондай-ақ ол 2020 жылы шыққан әйгілі оқулығына трансформер туралы бөлімді Google инженерлерінің көмегімен жазғанын, сол кезде өзге тәсілдер де ұсынылғанын, бірақ оқырманға түсінікті болу үшін тек бірін ғана таңдағанын жеткізді.

Сұхбат барысында қойылған маңызды сауалдардың бірі – генерация мен қиял арасындағы шекара туралы болды. ЖИ қиялдай ала ма? Бұл мүмкін бе?

– Біз жасанды жүйелерден қазірдің өзінде шығармашылықтың белгілерін көріп отырмыз. Мысалы, ЖИ-дің қатысуымен жаңа математикалық теоремалар дәлелденді, музыкалық туындылар мен суреттер жасалды. Мен өзім де кейде модельді қарап, мен бұдан артық жасай алмас едім деп ойлаймын, – деді Норвиг.

Сонымен қатар ол Стэнфорд университетінде жүргізілген тәжірибені мысалға келтіріп, өз ойын жалғастырды. ЖИ-ге және аспиранттарға бірдей тапсырма беріліп, тәуелсіз сарапшылар олардың шығармашылық идеяларын бағалаған. Нәтижесінде, ЖИ жасаған идеялар анағұрлым креативті деп танылған.

– Адамдар жиі «қиял тек адамға тән қасиет» деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде, қиял бұрынғы идеяларды жаңа тәсілмен біріктіру қабілеті. Бұл алгоритмдер үшін де қолжетімді мүмкіндік, – деді ол.

Жасанды жалпы интеллект (AGI) деңгейіне қаншалықты жақынбыз және оны қалай басқару керек деген тақырыпқа да ғалым Питер Норвиг жауап берді.

– Мен ЖИ-ді құрал деп санаймын. Біз басқа құралдарды қалай басқаратын болсақ, мұны да солай басқаруымыз керек. Көп адам егер бір жүйе бізден әлдеқайда мықты болса, ол біздің өмірімізге қауіп төндіреді деп алаңдайды. Бірақ біз онсыз да сондай жүйелермен өмір сүріп жатырмыз – деді Норвиг.

Ол кейбір сарапшылар айтып жүрген «жедел серпіліс» (hard takeoff), яғни бір ұйымның күтпеген жерден суперинтеллект жасап, қалғандарын артта қалдыруы шынайы сценарий емес деп есептейді.

– Бұл салада бір ғана құпия тәсіл жоқ. Егер бір команда табысқа жетсе, көп ұзамай өзгелері де соның ізін басады. Сондықтан мен бұл мәселеден аса қауіптенбеймін, – деді ғалым.

Сонымен қатар ол егер ЖИ саласында жағымсыз салдарлар орын алса, олар адамзат тарихында бұрын да болған – банкротқа ұшыраған корпорациялар немесе соғыс бастаған мемлекеттер арқылы көрінетін мәселелермен салыстыруға болатынын атап өтті.

Еске сала кетейік, Президент елімізге үлкен міндет жүктеп, Қазақстанды үш жылдың ішінде цифрлық державаға айналдыруды мақсат етіп қойды. Бұл мақсат қаншалықты жүзеге аса алады және оған жету үшін қандай нақты қадамдар жасалуы тиіс екенін жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар