Күйгенсай шатқалында туристерге арналған жаңа жаяу жүргіншілер көпірі ашылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Туризм мен экотуризмді тұрақты дамыту бағдарламасы аясында Күйгенсай шатқалында салынып жатқан заманауи «Арман көпір» деп аталатын жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы аяқталуға жақын.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, нысан жоспар бойынша биыл қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Ұзындығы 77 метр болатын көпір шатқалдың екі жағын қосып, болашақта ашылатын оқушыларға арналған «Мың бала» спорт клубына жол ашады.
– Көпірдің құрылысы жер бедерінің күрделілігін ескере отырып жасалған. Оның беріктігі мен сенімділігі жоғары, халықаралық қауіпсіздік және пайдалану стандарттарына сай келеді. Жоба жекеменшік компания бастамасымен, Еуропаның таулы және қорғалатын аймақтарында аспалы көпір салуда көпжылдық тәжірибесі бар Швейцарияның Swissrope Ltd компаниясымен бірлесе жүзеге асырылып отыр, - деп хабарлады әкімдіктен.

Көпірге жақын маңда 912 м² аумақты қамтитын көпфункционалды спорт залы мен балаларға және оқу-жаттығу жиындарына қатысушыларға арналған 12 модульді капсула ашылады. Жаңа кешен жыл бойы спорттық жаттығулар өтетін және табиғат аясындағы білім беру бағдарламалары жүргізілетін алаңға айналады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы «Горельник» термалды бұлағының тазалығына кім жауапты екенін жазғанбыз.
