Грантсыз да тегін білім алуға болады – министр балама нұсқаларды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2025-2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлерін құттықтап, грант ала алмаған талапкерлерге арналған балама мүмкіндіктерді атады.

– Биылғы білім бәйгесінде бақ сынап, жауапты межені еңсергендеріңізге қуаныштымын! 77 мыңнан астам талапкер грант иегері атанды. Бұл – қажырлы еңбек пен білімге деген талпыныстың нәтижесі. Ал грантқа іліге алмағандар үшін бұл – үміттің үзілуі емес. Грант – тек бір мүмкіндік. Ал табандылық пен мақсатқа адалдық – жетістікке бастар басты күш, – деді министр.
Оның айтуынша, биылғы конкурсқа өткен жылмен салыстырғанда 9 мың талапкер артық өтініш берген. Осыған байланысты бәсекелестік те жоғары болды. Дегенмен, мемлекеттік гранттан бөлек, басқа да қолжетімді білім беру мүмкіндіктері бар.
Министр атап өткен балама мүмкіндіктер:
- Университетішілік ректор гранттары. Бұл гранттар оқу үлгерімі жақсы, белсенді әрі әлеуметтік жағдайы ескерілген талапкерлерге жоғары оқу орындары тарапынан ұсынылады. Мәселен, «Туран-Астана» университеті ҰБТ-да 100 балдан жоғары жинаған «Алтын белгі» иегерлеріне 4 жылдық ректорлық гранттар береді. Халықаралық туризм және меймандостық университеті 680 мақсатты грант бөлген.
- Жергілікті әкімдік гранттары. Әлеуметтік осал топтарға және сұранысқа ие мамандықтарға оқыту үшін әкімдіктер бөлетін гранттар. 2025 жылы жергілікті атқарушы органдар 1 700-ден астам грант бөлді.
- Жұмыс берушілердің арнайы гранттары. Жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы келісім негізінде бөлінеді және түлектерді жұмыспен қамтуға бағытталған.
Жеке демеушілер мен қорлардың гранттары.
- «Қазақстан халқына» қоры – 500 грант;
- «KAZENERGY» қауымдастығы – Солтүстік Каспий және Қарашығанақ жобалары есебінен гранттар;
- «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК – ауылдық жастарға арналған «Murager» бағдарламасы арқылы гранттар ұсынады.
Бос гранттар мен ауысу мүмкіндігі. Кейбір талапкерлер гранттан бас тартқан жағдайда, келесі жоғары балл жинаған үміткерге мүмкіндік беріледі.
Сондай-ақ, ақылы бөлімде оқуды бастап, кейін жақсы оқу үлгерімімен бос грантқа ауысуға болады.
– Ең бастысы – мақсаттан таймау, мүмкіндіктерді зерттеп, әрекет ету. Арманың – болашағың. Сол болашақ жолында қолдау мен мүмкіндік әрдайым табылады, – деді Саясат Нұрбек.
Айта кетейік, бүгін мемлекеттік білім гранттары иегерлерінің тізімі жарияланды.