Грек фермерлері трактормен Афинаға бармақшы
АФИНА. KAZINFORM - Грекия фермерлері 20 ақпанда бүкіл ел бойынша ірі наразылық акциясын өткізетіндерін мәлімдеді.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Грек фермерлері өткен аптада Греция премьер-министрі Кириакос Мицотакиспен жасаған келіссөздерге қарамастан, райларынан қайтпай отыр.
Үкімет басшысы екі апта бұрын басталған наразылықты тоқтатуға тырысты. Ол консультацияларға ашық екенін айтып, үкіметтің қаржылық мүмкіндіктері шектеулі екенін ескертті.
Фермерлер өз кезегінде елдегі жолдарды жауып тастаймыз деп қорқытты. Сонымен қатар, келесі сейсенбіде олар тракторларымен ел астанасы Афинаға баратындарын айтты.
«Бізде күресті жалғастырудан басқа амал жоқ», - деді Грекия ауылшаруашылығы федерациясының президенті Никос Марудас.
Грекия үкіметі фермерлердің он жыл ішінде энергияға төлейтін төлемдерін және тыңайтқыштар мен жем-шөпке салынатын ҚҚС мөлшерлемесін азайтуды қарастырамыз деп уәде берді. Фермерлер үшін бірнеше мың еуроны құрайтын қосымша қаржылық субсидиялар да бар.
Артынша фермерлер ұйымы ұсынылған қосымша шараларға көңілі толмайтынын жеткізді.