Грек-рим күресі: Екі балуанымыз Азия чемпионатының қола жүлдесіне таласады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық екі балуан Бішкек қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия чемпионатының қола жүлдесіне таласады.
Атап айтсақ, 60 келі салмақта белдескен Ғалым Қабдунасыров Сарықұрлық додасының жартылай финалында жапониялық Кайито Инабаға 4:8 есебімен жеңіліп қалды. Енді ол қола жүлде үшін тағы бір мәрте бозкілемге көтеріледі.
Ал 72 келі салмақта ел намысын қорғап жүрген тағы бір балуанымыз Әділхан Сатаев финал жолдамасы үшін айқаста ирандық Мұхаммедриза Ростамиден 0:10 есебіменжол берді. Енді Сатаевта қола жүлде үшін сынға түседі.
Енді жартылай финалда 97 келі салмақта Юсуф Мациев сынға түседі. Ол ширек финалда Азия чемпионатының қола жүлдегері, әлем чемпионатының тұрақты қатысушысы Бексұлтан Махмудовты (Қырғызстан) 11:4 есебімен жеңді.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Азия біріншілігінің соңғы күні. Грек-рим күресінен кеше ел намысын бес балуан қорғап, 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль жеңіп алған болатын. Бүгін де 5 балуанымыз сынға түсуде.
Кешегі жарыс күнінде Ержет Жарлықасын (63 келі) чемпион атанса, Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) күміс, Ибрагим Магомадов (77 келі) қола жүлде жеңіп алды.