Грек-рим күресі: Қазақстандық балуан Азия чемпионатының финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық балуан Юсуф Мациев Бішкек қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия чемпионатының финалына шықты.

Бішкек
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Грек-рим күресінен 97 келі салмақта ел намысын қорғап жүрген отандасымыз жартылай финалда қытайлық балуанды айқын басымдықпен ұтып, сарықұрлық додасының финалына шықты. Мациев қытайлық Хаужи Хауды 8:0 есебімен жеңді. Енді отандасымыз финалда Олимпиада ойындарының қола жүлдегері және Әлем Чемпионы ирандық Мохамедхади Саравимен алтын жүлдені сарапқа салады.

Финалдық бәсекелер Астана уақытымен 17:00 де басталады.

Сонымен қатар бүгін тағы екі қазақ балуаны қола медальға таласады. 

Атап айтсақ, 60 келі салмақта белдескен Ғалым Қабдунасыров Сарықұрлық додасының жартылай финалында жапониялық Кайито Инабаға 4:8 есебімен жеңіліп қалды. Енді ол қола жүлде үшін тағы бір мәрте бозкілемге көтеріледі. 

Ал 72 келі салмақта ел намысын қорғап жүрген тағы бір балуанымыз Әділхан Сатаев финал жолдамасы үшін айқаста ирандық Мұхаммедриза Ростамиден 0:10 есебімен жол берді. Енді Сатаевта қола жүлде үшін сынға түседі.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Азия біріншілігінің соңғы күні. Грек-рим күресінен кеше ел намысын бес балуан қорғап, 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль жеңіп алған болатын. Алтын жүлдені Ержет Жарлықасын (63 келі) иеленсе, Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) күміс, Ибрагим Магомадов (77 келі) қола жүлде жеңіп алды.