Грек-рим күресінен Ислам Евлоев 82 келіде Азия чемпионы атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан грек-рим күресінен 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатында Ислам Евлоев (82 келі) жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
12 шілдеден бастап күрес түрлерінен 15 және 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионаты өтіп жатыр.
Жарыстың бесінші күнінде грек-рим күресінен 20 жасқа дейінгі жастар 5 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Олардың арасынан қазақстандық біреуі чемпион атанса, төртеуі қола жүлдені сарапқа салды.
Ел құрамасынан Ислам Евлоев (82 келі) финалда қырғыз балуаны Ырысбек Калиевті 10:1 есебімен жеңіп, Азия чемпионы атанды.
Ал Самандар Мадаминов (60 келі), Азиз Ғасымов (67 келі), Мерей Мәулітқанов (72 келі), Юсуф Мациев (97 келі),үздік үштіктен көрінді.
Осылайша жалпыкомандалық есепте грек-рим күресінен 20 жасқа дейінгі жастар арасында қазақстандық балуандар үшінші орыннан көрінді.
Енді 17 шілдеде 20 жасқа дейінгі жастар арасында әйелдер күресінен 50, 55, 59, 68 және 76 келіде жүлделер сарапқа салынады.
Еске салсақ, бұдан бұрын Азия чемпионатында әйелдер күресінен еліміздің 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы 3 медаль алды.
Сондай-ақ,құрлықтық додада грек-рим күресінен еліміздің 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы 8 медаль алды.
Ал қазақстандық екі балуан еркін күрестен Азия чемпионы атанды.
Азия чемпионатында 15 шілдеде грек-рим күресінен қазақстандық балуандар 3 күміс, 1 қола алды.
Сурет - Қазақстан күрес федерациясы баспасөз қызметі