Грек-рим күресінен әлем чемпионатында Диас Сейітқалиев жартылай финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық балуан Диас Сейітқалиев (82 келі) грек-рим күресінен Болгарияның Самоков қаласында өтіп жатқан 20 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионатының жартылай финалына шықты.

Ширек финалда ол үндістандық Принсті сенімді жеңді. Енді ол жартылай финалда жапон балуаны Тайзо Ёсидомен кездеседі.
Өткен жылы Жапония спортшысы ересектер арасындағы Азия чемпионатында топ жарды. Сондай-ақ жастар арасындағы әлем чемпионатында үшінші орын алған еді.
Әлем чемпионатында грек-рим күресінен Диас Сейітқалиевтан өзге Арсен Жұма (55 келі), Саламат Мұратұлы (60 келі), Дамир Ибрашов (63 келі), Әлібек Тұрлығазы (67 келі), Юсуф Ашрапов (72 келі), Ақжан Ықыласов (77 келі), Темірлан Тұрдақын (87 келі), Нұрасыл Аманалы (97 келі), Қуаныш Амангелді (130 келі) сынды спортшыларға сенім білдірді.
Дүбірлі додада әлем чемпионатында еркін күрестен Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте екінші орынға табан тіреп, 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль алды.
Ел құрамасынан Едіге Қасымбек (125 келі) чемпион атанса, Камиль Куруглиев (92 келі) күміске қол жеткізді. Ал Нұрданат Айтанов (57 келі), Досжан Кұлғайып (74 келі) және Самир Дурсунов (97 келі) үздік үштікті түйіндеді.