Грек-рим күресінен әлем чемпионатында қазақстандық балуандар тағы екі жүлде алды
АСТАНА. KAZINFORM — Грекия астанасы Афины қаласында өтіп жатқан грек-рим күресінен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында ел құрамасы қоржынына тағы бір күміс, бір қола жүлде түсті.

Дүбірлі додада Нұрәли Асқар (55 келі) күміс жүлдегер атанса, Досбол Шамил (65 келі) әлем чемпионатында қола медальға ие болды.
Әлем чемпионатында бұдан бұрын Нұрдәулет Құмарұлы (48 келі) екінші орын алған еді.
Енді ел құрамасынан Жаңажол Қуанышбек (45 келі) финалда сынға түседі.
Спортшылардың барлығы «Күрес түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында тәлім алады.
Сондай-ақ бапкерлер ел құрамасы сапында Базарбек Данияр (51 келі), Ақон Дамир (60 келі), Мейірбекұлы Марлен (71 келі), Макхамбаев Марданбек (80 келі), Тойшы Əділет (92 келі), Советхан Бақтұp (110 келі) секілді балуандарды алып барған еді.
Әлем чемпионаты 27-31 шілде аралығында өтеді.
Айта кетсек, қазақстандық төрешілер 2025 жылғы күрес түрлері бойынша әлем чемпионатында қызмет атқарады.
Біріккен күрес әлемі (UWW) жариялаған 2025 жылы Хорватияның Загреб қаласында өтетін әлем чемпионатында қызмет атқаратын төрешілер қатарында Игорь Лигай мен Ерік Жұмабеков бар.