Грек-рим күресінен Ержет Жарылқасын Азия чемпионы атанды

Ержет Жарылқасын
Фото: ҚР ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM – Бішкекте күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында грек-рим күресінен қазақстандық балуан Ержет Жарылқасын чемпион атанды.

63 келі салмақта ел намысын қорғаған отандасымыз финалда жапониялық Аята Сузукиді жеңіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді.

Айта кетейік, Жарылқасын жартылай финалда Солтүстік Корея өкілі Чан Кимді 5:3 есебімен жарыс жолынан тайдырған еді.

Ержет Жарылқасын 63 келі салмақта ересектер арасындағы ел чемпионы, 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы.

Бішкектегі турнир барысында ол Оңтүстік Корея балуанын 6:4 есебімен ұтса, кейін ширек финалда Сауд Арабия спортшысы Хавсавиді 8:0 есебімен ұтты.

Сонымен қатар 87 келіде Нұрсұлтан Тұрсынов та жартылай финалға шыққан болатын.

Ал 55 келідегі Нұрзат Қабдырахимов ширек финалда өзбекстандық Жасурбек Артықбаевтен жеңілді. 77 келідегі Ибрагим Магомадов әлем чемпионы Ақжол Махмұдовпен тең күрессе де, әдіс сапасына байланысты жеңіліс тапты.

130 келідегі Мансұр Шадукаев ширек финалда қырғызстандық спортшыға жол берді.

Соңғы жаңалықтар