Грек-рим және әйелдер күресінен әлем чемпионатына кімдер барады

Әлем чемпионаты 16-24 қыркүйек аралығында Сербияда өтеді. Ұлттық құрама бапкері Юрий Мельниченко 2024 жылғы Париж олимпиадасына жолдама берілетін дүбірлі додаға баратын балуандардың тізімін жариялады.
Олардың арасында бұдан бұрын әлем чемпионатында 2011 жылы күміс, 2010, 2015, 2019, 2021 жылдарда қола медаль алған Алмат Кебіспаев (67 келі) сынды тәжірибелі балуандар бар.
Өзге салмақтарда Марлан Мұқашев (55 келі), Олжас Сұлтан (60 келі), Мамырбек Мұхамедәли (63 келі), Ибрагим Магомадов (72 келі), Демеу Жадраев (77 келі), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі), Олжас Сырлыбай (97 келі), Әлімхан Сыздықов (130 келі) ел намысын қорғайды.
Ал әйелдер күресінен ел құрамасының бас бапкері Қайрат Сағадиев Сербияға төмендегі шәкірттерін алып барады. Олардың қатарында Марал Тәңібергенова (50 келі), Алтын Шағаева (53 келі), Марина Седнева (55 келі), Айнұр Әшімова (57 келі), Диана Каюмова (59 келі), Ирина Кнецова (62 келі), Елена Шалыгина (68 келі), Жәмила Бақбергенова (72 келі) және Інқар Жанатаева (76 келі) сынды спортшылар бар.
Еске салсақ, бұдан бұрын лицензиялық әлем чемпионатына қатысатын қазақстандық еркін күрес шеберлері анықталды.