Грекия Елшісі Е. Денаксас Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де «Мәдени дипломатия» тақырыбында дәріс оқыды
«Мәдениет ұлттардың өзіндік ерекшілігі мен бет-бейнесін білдіретін құбылыс. Мен өзім әлемдегі ең көне өркениеттің өкілі болып табыламын. Қазақстанда 2,5 жыл қызмет атқарған жылдардың ішінде мен Қазақстанның сақ дәуірінен бастау алатын терең тамыры, мәдениеті пен өркениеті барына көз жеткіздім»,-дейді Е. Денаксас.
«Дәрісте мен студенттерді мәдени құндылықтар, адамның өмір салты сияқты тақырыптарға баса назар аудартқым келеді. Мәдени құндылықтар тақырыбында талқылаулар жүргізе отырып, біз басты мақсатқа қол жеткіземіз. Яғни, мәдениетаралық сұхбатты, өркениеттер жақындастығын, мемлекеттер арасындағы ықпалдастықты нығайтамыз»,-деп атап көрсетті Елші.
Грекия елшілігі мәдени қарым-қатынастың бір бөлшегі ретінде Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де гректер өркениеті мен мәдениетінің қызығушыларына «Парфенон» атты клубты ашқан болатын.
Университет студенттері мен ұстаздары қатысқан шара «Еуропалық Одақ және ЕҰУ достастық көпірі» жобасы аясында ұйымдастырылды. Сонымен қатар дәріс барысында Испанияның Қазақстандағы елшісі Антонио Кортес аталмыш тақырыпта сөз сөйледі. Еске сала кетейік, «Еуропалық Одақ және ЕҰУ достастық көпірі» жобасын 24 қарашада ЕО-ның Қазақстандағы делегациясының басшысы Норбер Жустен бастап берген болатын. Бүгінгі таңда жобаға Латвия, Словакия, Испания, Финляндия, Чехия, Швеция, Венгрия, Ұлыбритания, Литва, Франция, Нидерланды, Польша мемлекеттерінің дипломаттары атсалысуға қызығушылық танытып отыр.