Грекия жағалауында 400-ден астам мигрант құтқарылды
АСТАНА. KAZINFORM – Грекия билігі бейсенбі күні Гавдос аралының оңтүстігінде ашық теңізде жүрген 352 шетел азаматтарын жағаға аман-есен жеткізу үшін ауқымды құтқару операциясын жүргізді, деп жазды Euronews.

Операцияға Грекияның жағалау күзеті мен бұл ауданда жүрген төрт коммерциялық кеме жұмылдырылды. Құтқару жұмыстары Іздеу және құтқару жөніндегі бірыңғай үйлестіру орталығының (EKSED) қолдауымен өтті.
Алғашқы мәліметтерге сүйенсек, мигранттар мінген ағаш қайықты алдымен Frontex кемесі байқаған. Кейін жағалау күзеті қызметі мен басқа да кемелер көмек көрсетіп, адамдарды қауіпсіз түрде жеткізді.
Құтқарылған азаматтар Палеохора портына жеткізіліп, оларға қажетті көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта олардың тіркеу және жеке басын анықтау рәсімдері жүріп жатыр.
Грек БАҚ-тарының хабарлауынша, Frontex ұшқышсыз ұшағы Гавдос маңынан тағы бір қайықта отырған 73 адамды анықтаған. Олар Караве портына жеткізіліп, кейін Критке жөнелтіледі.
Грекия жағалау күзетінің мамыр айындағы статистикасы бойынша, 61 іздеу-құтқару операциясы барысында 2341 адам құтқарылған, 76 адам саудагер (адам трафигімен айналысушы) ретінде ұсталған.
Еске сала кетейік, 2023 жылы мигранттар мінген кеме апатқа ұшырауына байланысты жағалау күзетінің 17 күзетшісіне айып тағылған еді. Бұл апат соңғы он жылдағы Жерорта теңізіндегі ең көп адам шығынына әкелген көші-қон апаты ретінде тарихта қалды.