Грекияда өрт қаупінің жоғары деңгейі сақталуда
АСТАНА. KAZINFORM – Грекия билігі елдің танымал курорттық аймағы саналатын Кефалония аралында төтенше жағдайға дайындық режимін сақтап отыр, деп хабарлайды National World.

Ситуация әлі де тұрақсыз күйінде қалып отыр.
Биліктің мәліметінше, ауа райы жағдайының жақсаруы мен өрт сөндірушілердің үйлесімді жұмысына қарамастан, аралдағы қатты жел мен құрғақ өсімдіктер кез келген сәтте жаңа өрт ошақтарының тұтануына себеп болуы мүмкін.
Азаматтық қорғаныс қызметі жергілікті халық пен туристерге эвакуацияға дайын болуды ескертті.
Грекияның азаматтық қорғаныс басқармасы елдің он аймағында ең жоғарғы деңгейдегі өрт қаупін жариялады.
Афинадағы Ұлттық обсерватория дерегінше, орман өрттерінің салдарынан бүкіл ел бойынша 10 мың гектардан астам жер жанып кеткен.
Грекия Еуропалық одақтың азаматтық қорғау тетігіне көмек сұрап жүгінді. Биылғы өрт маусымында бұл механизм 16 рет іске қосылды. Бұған дейін Испания, Болгария, Албания және Черногория да көмек сұраған. ЕО елдері – Франция, Швеция, Чехия және Словакия өрт сөндіруге қолдау көрсеткен.
Мамандардың айтуынша, биыл Еуропа елдеріндегі өрттен зардап шеккен аумақ көлемі ұзақ мерзімді орташа көрсеткіштен әлдеқайда артық.
Еске сала кетсек, бұған дейін Түркияда да орман өрттерімен күрес жүріп жатқаны хабарланған еді.