Грекияда студенттер мемлекеттік телеарнаның студиясын басып алды

АСТАНА. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бір топ студент жексенбі күні, 25 қыркүйекте, грекиялық мемлекеттік NET телеарнасының студиясына басып кірді, деп хабарлайды Лента.ру Agence France-Presse-ке сілтеме жасап.
None
None

Телестудия орналасқан Афина ғимаратына шамамен 50 адам басып кірді, деп әңгімелейді полиция өкілдері. Олар телеарна басшылығынан жоғары білім реформасына қарсы наразылық білдіру үшін эфир бөлуді талап еткен.

Кешкі жаңалықтар топтамасының орнына деректі фильм берген NET басшылығы студенттердің талабын орындаудан бас тартты. Осылайша телеарна осыдан үш жыл бұрын болған оқиғаның қайталануынан құтылып кетті. Онда бір топ анархистер тікелей эфир арқылы жаңалықтар жүріп жатқан студияға басып кіріп, камера алдында халықты көтеріліске шақыратын үндеулер жазылған плакаттарын жайған болатын.

Сонымен қатар сол жексенбі күні полиция Афины орталығында парламент ғимаратының алдында өткен наразылық акциясын тарату үшін көзден жас шығаратын газ пайдалануға мәжбүр болды. Полицияны мұндай қадамға наразылық акциясына қатысуға жиналған екі мыңнан астам адамның орталық көшелердің бірін жаппақ болған әрекеттері итермелесе керек.

Грекияда наразылық шарасының келесі толқыны ел үкіметі 21 қыркүйекте экономиканы дағдарыстан құтқарудың жаңа жоспарын ұсынғаннан кейін туындады. Жоспарға сәйкес, зейнетақы мөлшері қысқартылып, салық мөлшері, керісінше, ұлғайтылған. Дағдарысқа қарсы жоспардың қабылдануы - Грекияның ХВҚ мен Еуроодақтан 8 миллиард еуро көлеміндегі кезекті кредиттік траншын алуы үшін қойылған басты талап.

Соңғы жаңалықтар