Грекиялық Акис Вавалис «Жеңіс» футбол клубына бас бапкер болды

АСТАНА. KAZINFORM - Астаналық «Жеңіс» футбол клубының бас бапкері қызметіне грекиялық Акис Вавалис тағайындалды.

Акис Вавалис
Фото: jenisfk.kz

38 жастағы Акис Вавалис бапкерлік мансабын 2011 жылы Грекия суперлигасында «Пансерраикос» клубы бас бапкерінің көмекшісі ретінде бастады. Одан кейін грекиялық бірқатар командаларда еңбек етті. Сондай-ақ, швециялық «Васалундс», болгариялық «Крумовград» командаларының бас бапкері болды. 

Бұдан бұрын ол Косово суперлигасында ойнайтын «Дрита» клубының тізгінін ұстады. Команда аиалған маманның жетекшілігімен 16 матч ойнады. Чемпионатта кездесу және УЕФА Конференция лигасының іріктеу кезеңінде 2 ойын өткізді. Нәтижесінде 7 мәрте жеңіске жетіп, 4-де тең түссе, 3-де жеңіліс тапты.

Еске салсақ, бұдан бұрын Леван Коргалидзе «Жеңіс» футбол командасының бас бапкері қызметінен кетті.

Грузиялық маман астаналық клубқа 2024 жылдың басында бас бапкер болып тағайындалған еді. Оның басшылығымен команда тоғыз ойын өткізді. Оның екеуінде жеңіске жетсе, біреуінде тең түсіп, қалғанында қарсыластарына есе жіберді. Соның салдарынан турнир кестесінде жеті ұпаймен көш соңында тұр.

Соңғы жаңалықтар