Грекиялық теннисші Стефанос Циципас Алматы ATP 250 турнирінде бақ сынайды

ОРАЛ. KAZINFORM – Әлемдік теннистің басты жұлдыздарының бірі Стефанос Циципастың Алматы қаласында 11-19 қазанда өтетін Almaty Open ATP 250 турниріне келетіні ресми расталды.

Грекиялық теннисші Стефанос Циципас Алматы ATP 250 турнирінде бақ сынайды
Фото: ҚТФ

Әлемнің бұрынғы 3-ракеткасы С.Циципас бұдан үш жыл бұрын Astana Open ATP 500 турнирінің финалына дейін жетіп, онда сербиялық Новак Джоковичке 3:6, 4:6 есебімен жол берген еді.

Енді грекиялық теннисші Almaty Open ATP 250 жарысының титулы үшін сынға түседі. 

Циципастың есебінде жекелей сында 12 ATP титулы бар. Сондай-ақ Roland Garros (2021) және Australian Open (2023) додаларында финалға дейін жеткен.
2019 жылы ATP Finals турнирінің жеңімпазы атанды. АТР жарыстарында 300-ден астам жеңіске жеткен. 

– Мен Қазақстанға қайта оралатын сәтті асыға күтемін. Мұнда тамаша жағдай жасалған, жылы қарсы алады, жанкүйерлер де қызу қолдайды. Алматыда кездескенше, - деді Стефанос Циципас. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Новак Джоковичтің Astana Open ATP 500 турнирінің жеңімпазы атанғанын жазған едік.

Сондай-ақ теннисші Даниил Медведевтің алғаш рет Алматы турнирінде өнер көрсететіні жазылды.

Соңғы жаңалықтар